Көкшетауда ерекше әдіс-тәсілдермен тілді үйрететін «Тілдесейік, достар!» клубының алғашқы сабағы өтті. Бұл туралы өңірдің ішкі саясат басқармасы хабарлады.
Клубтың негізгі идеясы – қазақ тілін оқытушылардың көмегімен емес, жора-жолдастары мен таныстарының бейресми ортасында үйрену. Грамматикалық ережелерден бұрын қарапайым әңгімелесу, пікірлесу арқылы тілді үйрету – клубтың басты мақсаты.
Облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Мадина Көкенованың айтуынша, қазақ тілін үйренгісі келетіндердің саны күн сайын артып келеді.
Біздің клубымыздың ерекшелігі – тілді грамматикасыз, тек қарым-қатынас арқылы үйрену. Әр түрлі бейнебаяндарды тамашалау арқылы айтылым мен тыңдалымды дамыту. Сабақтар топтық және жеке түрде ақысыз негізде өткізіледі. Ең бастысы – тілді үйренушілердің құлшынысы мен талпынысы, - дейді Көкенова.
Клуб мүшелері сөйлесуден бөлек қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады, шағын диалогтар құрып, тілдік жаттығуларды орындайды.
Тілді үйренуге ниет білдіргендің жас мөлшерінде шектеу жоқ. Мәселен, клубтағы ең егде оқушы 63 жаста, ал ең кішісі небәрі 15 жаста.