ҚАЗЫБЕК ИСА: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МАТРИЦАСЫН ЖАСАУ - ҮЛКЕН ҚАДАМ

ҚАЗЫБЕК ИСА: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МАТРИЦАСЫН ЖАСАУ - ҮЛКЕН ҚАДАМ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен әзірленген «Қазақ тілі ұлттық корпусы публицистикалық мәтіндер кіші корпусының» тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған іс-шара «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда.
Лингвистикалық корпус – жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді. Корпустың мақсаты – тіл ресурстарын жинақтап, тілді нормаландыру, жүйелендіру, нәтижесін көпшілікке пайдалануға ұсыну.
Ғалымдар, тіл білімі және ІТ саласы мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен корпустың тұсаукесер рәсімінде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемі жыл сайын арттырылып отыратынын жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса бастамаға сәттілік тілей отырып, «Әлем цифрландыруға көшіп жатқанда көштен қалмай ілесу, қазақ тілінің матрицасын жасау - үлкен қадам», - деп атап өтті.
Публицистикалық мәтіндер корпусына дереккөз ретінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары алынды. Бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын осылайша бір базаға жинақтау, оларды теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.
Корпус таныстырылымына қатысқан Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан ғалымдары жобаға бағаларын беріп, ұсыныстарын білдірді.
Татар тілінің ұлттық корпусын әзірлеуші Мансур Сайхунов «Аталмыш корпустың орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс жасауы оны өзге ұлт өкілдерінің де қолдануына үлкен мүмкіндік береді. Мобильді нұсқасы іске қосылса, тұтынушылар үшін тиімді болар еді»,- деді.
Бұл маңызды жобаны әзірлеуге Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС мамандары қатысты.