
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 2021 жылғы 26 қарашада Түркістан қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің VI Құрылтайы өтті.
Құрылтай жұмысына Қоғамның өңірлердегі 37 филиалынан 56 делегат қатысты және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары қонақ ретінде қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы
Қ.К. Тоқаевтың Құрылтай делегаттарына құттықтауын жеткізді.
Одан әрі Қ.Е. Көшербаев Қоғамның атқарған жұмысына баға беріп, өткізілген Құрылтайдың маңыздылығына тоқталды, мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыруға қатысты тапсырмаларды белгіледі.
Құрылтайда Қоғамның атқарған қызметі бойынша оның Орталық Кеңесінің жазба есебі талқыланды, алдағы бес жылға арналған Бағдарламасы, жаңа редакцияда жазылған Жарғысы қабылданды.
Сонымен қатар, Құрылтай барысында делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жаңа Президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, ал вице-президенттері болып ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі Максим Рожин мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы Фазылжанова сайланды.
Қоғамның құрылтайлар аралығындағы басшы органы болып табылатын Орталық кеңесінің жаңа құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының депутаттарынан, Қоғам филиалдарының төрағалары мен зиялы қауым өкілдерінен тұратын 47 адам сайланды. Ал Қоғамның құрылтайлар аралығындағы атқарушы органы болып табылатын Орталық кеңес Басқармасының жаңа құрамына 17 адам сайланды.
Құрылтай барысында Қоғамның өңірлерде және ірі кәсіпорындарда филиалдары құрылатындығы, сонымен қатар Қоғамның бас кеңсесін Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіру жұмысы жүргізілетіні мәлім болды.
Құрылтай жұмысының соңында Құрылтайдың қаулысы қабылданып, Қоғамның филиалдары (бастауыш ұйымдары) мен Орталық кеңесінің нақты атқаратын жұмыстары белгіленді.
Құрылтай барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Қоғамның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды.