
2021 жылғы 25 қарашада «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңы аясында «Лингвистикалық терминдерді біріздендіру» тақырыбында онлайн-семинар өтті.
«Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы Есбосынова кіріспе сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі орны жөнінде ой қозғап: «Қазақ тілін толыққанды ғылым тіліне айналдырудың бір көрсеткіші – салалық терминдер. Ал бүгінгі күннің өзекті мәселесі – сол терминдердің сандық та, сапалық та деңгейін арттыру. Оның бірден-бір жолы – терминдерді біріздендіру. Шараның мақсаты – лингвистикалық терминдерді біріздендіруге үлес қосу» деп атап өтті.
«Тіл-Қазына» орталығы Терминология басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Бақытгүл Дәуітбекқызы Ысқақ «Лингвистика саласындағы офлайн- конференциялар: нәтижелер, ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады.
Онлайн-семинар барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.к. Л.Ә.Еспекова, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, ф.ғ.к. Г.Т.Кәріпжанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының докторанттары А.Қ.Қожахмет, А.Н.Ахмет сынды ғалымдар мен докторанттар фонетика, морфология, синтаксис терминдері жайында пікір білдірді.
Іс-шара соңында жоғары оқу орындары ғалымдарына сараптамаға ұсынылатын терминдер тізімі әзірленді.