ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫ БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРАДЫ

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫ БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРАДЫ

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылғы 18-27 тамыз аралығында «Абай институты» ашық білім беру жобасы аясында шетелдердегі қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушыларына «Қазақ тілін үйрету: халықаралық және қазақстандық тәжірибе» тақырыбында біліктілік арттыру курстарын өткізеді.
Бүгінгі күні курсқа 125-тен аса адам тіркелген.
Алдын ала сауалнама жүргізу арқылы қатысушыларды қызықтыратын тақырыптар таңдалып, баяндамашылар іріктелді. Олардың арасында Назарбаев Университетінің профессорлары, Халықаралық мектептердің мұғалімдері және шетелде жұмыс істейтін лингвист мамандар бар.
Онлайн форматта өтетін курстардың ұзақтығы 8 күнді құрайды. Курсты тәмамдаған мамандарға сертификаттар табысталады.
Абай институты – ел азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін үйретуге, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Жоба аясында Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия және Өзбекстанда қазақ тілі кабинеттері ашылып, оқыту офлайн және онлайн форматтарда жүргізілуде. Былтырғы жылдан бері білім алушылардың саны біршама өскен. Сондай-ақ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстандағы орта мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек қажет екені анықталды.
Шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырып, жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған «Отандастар қоры» АҚ-ның жобадағы рөлі ерекше.
2021 жылы www.abai.institute порталы әзірленіп, іске қосылды. Портал қазақ тілін кез келген ыңғайлы уақытта өз бетінше үйренуге мүмкіндік береді.