
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тіл оқыту процесін цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.
Бүгінде қазақ тілін тұтынушылары көп алдыңғы қатарлы білім беру платформаларына енгізу - басты міндет.
Бұл бағытта келіссөз жүргізу, ұйымдастыру жұмыстары басталып та кетті.
Тіл саясаты комитеті «Тіл-Қазына» орталығы «LinguaLeo» ЖШҚ компаниясы (РФ) басшылығымен онлайн-кездесу өткізіп, білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курсын енгізу мәселесін талқылады.
«Тіл-Қазына» орталығы бас директоры орынбасарының уақытша міндетін атқарушысы Айдос Әбдіхалықтың айтуынша, жақын арада екі мекеме арасында «LinguaLeo» платформасына қазақ тілі курсын әзірлеп, енгізу жөнінде меморандум ресімделетін болады.
Елімізде тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып отырған «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тіліндегі контентті әзірлеп, ұсынуға дайын. Осы аптада екі компанияның сарапшылары арасында контенттік-лингвистикалық бөлім бойынша кездесу өткізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік «Lingualeo» бұл шет тілдерін үйренуге ыңғайлы платформа.
Қазір қосымша арқылы 20 тіл оқуға қолжетімді.
Бүгінде бүкіл әлем бойынша 23 миллионнан аса адам «Lingualeo» қолданады.