
Бүгін Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен, әрі «Отандастар» қоры мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қолдауымен шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін үйретуде әдістемелік қолдау көрсетуді мақсат тұтқан конференция өтті.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен шарада шетелдік оқу орындарындағы қазақ тілінің рөлі мен жай-күйі, қандастарымыздың ана тілінде білім алу жайы қаралды.
Онлайн конференцияға Қазақстан, Венгрия, Ресей, Түркия, Франция, Иран мемлекеттерінен қандастарымыздың ана тілін ұмытпауы жолында еңбек етіп жүрген ғалымдар қатысты.
Осы ретте ғалымдар қандастарымызға ана тілін үйрету кезінде кирилл әліпбиі қиындық тудырғанын жасырмады. Олар Қазақстанның латын графикасына негізделген әліпбиге көшу реформасын қабылдағанына қуанатындықтарын білдірді.
Иран Ислам Республикасы Горган қаласындағы қазақ сыныбына қазақ тілін үйретудің әдістемелік құралдары жетіспейтіндігі мәселесі айтылды. Соған орай Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы шетелдегі қандастарымызға әдістемелік құралдарды арнайы пошта арқылы жеткізетінін хабарлады.
Конференция соңында қатысушыларға алғысхаттар мен қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік құралдар табысталды.