Республикалық семинар өтті

Республикалық семинар өтті

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн семинар өтті. Шараның мақсаты: мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқытудың әдістемесі төңірегінде қалыптасқан тәжірибені ортаға салу.
Кәсіби салаға бағыттап оқытудың жеткілікті қолға алынбай келе жатқаны бүгінгі қоғамдағы тіл айналасындағы өткір мәселенің бірі. Осы орайда семинардың негізгі спикері Назарбаев университетінің профессоры, ф.ғ.д. Зейнехан Күзекова кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселесіне жан-жақты ғылыми түсініктеме берді. Өз тәжірибесінде математика, экономика, дипломатия салаларын кәсіби тұрғыда оқытып жүрген саусақпен санарлық кәсіби маманның бірі ретінде практикалық тапсырмалар түрлерін көрсетті.
Сондай-ақ Қарағанды облысының сот саласы мамандарына арналып дайындалған тұңғыш оқу құралы туралы Игенова Алмагүл жан-жақты түсіндіріп өтті. Алмагүл Ақмашқызы осы оқу құралы авторының бірі болып табылады.
Семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мамандары; Назарбаев университетінің ғалымдары мен студенттері; Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан және Қарағанды облысының өңірлеріндегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары; мемлекеттік мекемелердің, департаменттердің тілге жауапты мамандары; ЖОО оқытушылары, сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің аспиранты қатысты.
Мемлекеттік тілді кәсіби салаға қарай бағыттап оқыту - қазақ тілінде қызмет көрсету аясында қалыптасқан күрделі мәселелердің шешімін табуға түрткі болатын құралдардың бірі болмақ.