«Ақ қауырсын» жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды

«Ақ қауырсын» жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды

2021 жылғы 19 мамырда Талдықорған қаласының Тіл сарайында облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін өткен дәстүрлі «Тіл – ғұмыр» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жыл сайын өтетін әдеби бәйгеге ережеге сай еш жерде жарияланбаған туындылар қабылданды.
Таразы басын тең ұстаған қазылар алқасының құрамында «Жетісу» телеарнасының бас директоры, журналист Серік Сарыбай, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Алматы облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлбақыт Қасен, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Айнұр Төлеу, «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Тұңғатар, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері Жеңіс Жолдыбаев болды.
Салтанатты шарада сөз алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек байқаудың биылғы ерекшелігі – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар келгендігі — деді.
Басқарма басшысы өз сөзінде Тіл мен тәуелсіздік егіз ұғым. Алаш арыстарының азаттық үшін күресі ең бірінші рухани дүниеміздің өзегі – тілдің бостандығынан басталғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тарихи, мерейлі мерекеде облысымыздағы жас қаламгерлерді барынша ынталандырып, әдебиеттің дамуына, жаңа есімдердің шығуына ықпал ету мақсатында 20 мен 45 жас аралығындағы қаламгерлерге қатысуға мүмкіндік берілгенін айтты.
Облыстық байқауға (техникалық, мазмұндық, т.б.) талаптарға сай 62 өтінім қабылданды.
Атап айтар болсақ, поэзия бәйгесіне 45 үміткер өтінім білдіріп, «Тіл және Тәуелсіздік» және еркін тақырыпта өлең арнады. Ал проза бәйгесі бойынша «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ел бірлігін насихаттауға арналған 17 шығарма келіп түсті.
Поэзия жанры бойынша Асыл Сұлтанғазының туындысы жүзден жүрік деп танылса, проза бәйгесінде Ришат Тұрғанбаевтың шығармасы оқ бойы озық шығып, «Ақ қауырсын» жүлдесінің иегерлері атанды.
Сондай-ақ, поэзия бойынша байқаудың II орын жүлдесіне Бақыт Қалибек (Кербұлақ ауданы) пен Медет Байжұма (Райымбек ауданы) ие болды. Ал Нүсіпқан Қадырсұлтан (Алакөл ауданы) мен Ақын Шұғайып (Көксу ауданы) III орынды еншіледі.
Проза бәйгесі бойынша II орынға Есболат Айдабосынның шығармасы лайық деп танылды (Талдықорған қаласы). III орын Асхат Өмірбаевқа (Қаратал ауданы) бұйырды.
Сол сияқты, Аршын Айдынбекұлы, Азамат Нұрмұханов, Ерден Нұрахмет, (Талдықорған) Зейнегүл Жұмабековалар (Ескелді ауданы) ынталандыру сыйлығына ие болды.