
Ертең, 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, сағат 11:00-де Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырған «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттайды.
«Балаларға арналған үздік шығарма» байқауы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан балалар әдебиетінің даму қарқынын арттыруды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мемлекет басшысының бастамасын іске асыруды қолға алып, балалар қаламгерлерін қолдау мақсатында, сапалы еңбектерді жинақтау және әдебиеттегі жаңа есімдерді жарыққа шығару үшін аталмыш байқауды жариялады. Байқауға 200-ден астам автордан 250-ге жуық шығарма қабылданды. 3 санат бойынша жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтары белгіленген.
Салтанатты іс шарада байқауда бірінші орын алған жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің дипломымен марапатталады. Сонымен қатар, 1,2 және 3-орын алған жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарды иеленеді.
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы, Қазақстанның Еңбек Ері, ұстаз А. Миразова, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұ. Есдәулет, белгілі ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысады.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы ТМД мемлекеттерінің арасындағы XVII халықаралық «Искусство книги» конкурсында жеңімпаз атанған қазақстандық баспаларды марапаттайды.
Екінші кезеңде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатынан іріктеліп алынған сирек кітаптардан, газет-журналдардан тұратын «Көне кітаптар мен басылымдар» мұражайының тұсаукесері өтеді.
«Көне кітаптар мен басылымар» мұражайына Кітап палатасы мұрағатындағы ХІХ-ХХ ғасырларда төте жазу, шағатай жазуы, ескі латын жазуымен жарық көрген еңбектер қойылады.
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Пушкин 2, 8-қабат.
Уақыты: 2020 жылдың 7 желтоқсаны, сағат 11:00.
Эл.пошта: kitappalatasy@gmail.com
Тел: 8 (727) 397-61-15