ҚАЗАҚ ТЕРМИНЖАСАМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚАЗАҚ ТЕРМИНЖАСАМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

2026 жылғы 16 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері»республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

20232029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының «Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту» бағытын іске асыру аясында өткен конференцияда қазіргі қазақ терминжасамының өзекті мәселелері, сондай-ақ ұлттық терминжасамның әдістері мен тәсілдерін теориялық және практикалық тұрғыдан қарастыру мәселелері қаралды

Конференция барысында қазақ тіліндегі терминжасамның ғылыми негіздері, терминжасамдағы жаңа модельдер мен үрдістер, калька және аударма тәсілдері, кірме терминдерді қазақ тіліне бейімдеу, терминдерді стандарттау мен біріздендіру, сондай-ақ салалық терминжасамның құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері талқыланды.

Жиынға терминология, тіл білімі, аударма ісі және білім беру саласының белгілі ғалымдары мен мамандары қатысты.

Конференцияда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигіШерубай Құрманбайұлы Қазіргі түрік тілдеріндегі терминжасам үдерісінің тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық мәселелері»тақырыбында баяндама жасады

Мақсұт Нәрікбаев университетініңпрофессоры, PhD Айнұр Баекеева «САТ құралдары арқылы көптілді терминологияны аударма тәжірибесінде автоматтандыру»тақырыбын таныстырды.

Шәкәрім университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Ақжібек Ахметжалпы тіл біліміндегі терминжасам үлгілеріне тоқталды.

Қазақ-Америка университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сара Коянбекова қазақ терминжасамындағы жаңа атаулар парадигмаларының жасалуы және цифрлық модельдері туралы сөз қозғады.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақ баяндамасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша бекітілген терминдердің жасалу үдерісін қарастырды

Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Мәрлен Әділов көне сөздердің термин ретінде қайта жандану үрдісі және түркі тілдері арасындағы терминалмасым мәселелерін талқылады.

Ал М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі PhD Аида Аубакировақазақ тіл біліміндегі жаңа терминдердің зерттелуі, жіктелуі және қалыптануы мәселелері жөніндегі зерттеулерін ұсынды.

Конференцияның пікірталас бөлімінде қазақ терминологиясының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, ұлттық терминдерді қалыптастырудың тиімді жолдары және терминологиялық қорды жетілдіру мәселелері сараланды.

Ғылыми-практикалық конференция нәтижесінде қазақ терминжасамын дамытуға, терминдерді жүйелеу мен біріздендіруге және қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған ғылыми ұсыныстар мен тұжырымдар талқыланды.