«Көп тіл – бір әлем» тақырыбында облыстық жиын өтті

«Көп тіл – бір әлем» тақырыбында облыстық жиын өтті

Бүгінгі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – тек артықшылық қана емес, заман талабы.

Осы орайда Алматы облысында 2025 жылғы                                    15 желтоқсанда «Көп тіл – бір әлем» атты облыстық жиын өтті.

Жиынға облыс әкімі М.Е. Сұлтанғазиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Е. Тілешов, аудан, қала әкімдіктерінің, білім саласының өкілдері, жастар орталығының жетекшілері және облыста көп тіл меңгерген азаматтар қатысты.

Іс-шара өңірдегі тіл саясатын қолдауға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, жастардың тілдік әлеуетін арттыруға,  облыс бойынша бірнеше тілді меңгерген  азаматтарды ынталандыруға бағытталды.

Облыс әкімі М.Е. Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде   көптілділіктің бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы рөліне тоқталып, өңір жастарының білімге және заманауи дағдыларды меңгеруге деген ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.  Ол: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жастар бірнеше тілді меңгеруі қажет» деген пікірі - еліміздің болашағына бағытталған стратегиялық тапсырма. Осы орайда, бүгін ұйымдастырылып отырған шара қоғамдағы рухани келісімді нығайтып қана қоймай, елді дамытатын кадрлық әлеуетті қалыптастыруға зор үлес қосады» - деді.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Е. Тілешов мемлекеттік тілді дамыту мен құрметтеуді басты орынға қоя отырып, ағылшын және басқа да халықаралық тілдерді меңгеру арқылы жастардың бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет құруға қосар үлесіне тоқталды.

Сонымен қатар бірнеше тілді меңгерген облыстың полиглот жастары А.Т.Теменов, Д.Д. Кузиев, Р.Қ. Алпаров, С.А. Құдайбергенов, К.Миятбек өздерінің тіл үйренудегі тәжірибелерімен бөлісті. 

Жиын барысында облыс әкімі бірнеше тілді меңгерген облыс жастарын «Полиглот - 2025» номинациясымен марапаттады.

Көп тіл білу – көп мүмкіндіктің кілті. Бірлік пен түсіністікке бастар жол да дәл осы тілдер арқылы қалыптасатыны анық. Сондықтан «Көп тіл – бір әлем» идеясы қоғамды біріктіретін маңызды құндылық ретінде өз маңызын арттыра бермек.