
2025 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің бірыңғай сөздігі» тақырыбындағы семинар өтті. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Арысланқызы Асан ашып, жиынның мақсат-міндеттері мен мемлекеттік терминологиялық саясаттағы өзекті бағыттарға тоқталды. Кіріспе сөз сөйлеген комитет төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов бірыңғай сөздік әзірлеудің маңызын атап өтіп, терминдердің дәлдігі мен бірізділігі құқықтық жүйе сапасына тікелей әсер ететінін айтты.
Бағдарлама аясында Гүлфариза Мелдешқызы Мұқан мемлекеттік органдардан түскен ұсыныстардың статистикасын талдаса, София Қажыақпарқызы Ыдырыс бірыңғай сөздік моделінің құрылымы мен терминдерді жүйелеу қағидаттарын түсіндірді. Алмас Қабдылманитұлы Жұмағали заң тіліндегі терминологиялық олқылықтарға тоқталып, жүйелі терминжасам қажеттігін көтерді.
Сонымен қатар Алма Әбдінасырқызы Шоқаева ісқағаздар мәтініндегі тілдік мәселелер мен оларды оңтайландыру жолдарын ұсынды. Семинар соңында Нұржан Саулен заңнама мәтінін жетілдіру тәжірибесімен бөлісті.
Жарыссөзге онлайн қосылған тіл, заң және экономика саласының мамандары қатысып, терминдерді біріздендіру нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін атап, семинарды қорытындылады.