1. Ертегі, миф, аңыз, әпсана кейіпкерлерінің есімдері бас әріппен жазылады (мұның ішіне мал, құс, ит т.б. аттары кіреді).
2. Мифологиялық, қиял-ғажайып бейнелердің тегін, затын білдіретін атаулар кіші әріппен жазылады: пері, ібіліс, періште, шайтан, дию т.б.
3. Әрбір бөлігі жеке-дара атау ретінде қолданыла алатын кешенді атаулардың (көбіне бір сыңары жалқы есім боп келеді), жігі айқын көрініп тұрған жағдайда екі бөлігі де бас әріппен беріледі (Жерден шыққан Желім батыр; Бозатты Боран батыр).
4. Күрделі-құрама жалқы атаудың құрамындағы тұрақты эпитеттер жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен бөлек жазылады (Ақсақ Темір, Қайқы сопы). Жеке тұрып кісі есімі бола алмайтын сөздерге тіркескен ата, ана, бике, бала, баба, шал, қожа, батыр т.б. сыңарлары бірге жазылады (Майлықожа, Хауана т.б.).
5. Титулды білдіретін сөздер жалқы атаудың алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен жазылады (Әмір Темір, Ағатай хазірет).
6. Араб, түрік, парсы тіліндегі адам аттарында қалыптасқан, кісінің әлеуметтік тегін, туыстық қатынасын, тұрған жерін білдіретін құрама сөздер мен көмекші сөздер (ас, бей, тегін, зада, ан, паша, ат, әл) кіші әріппен дефис арқылы ажыратылып жазылады (Ұлық-зада, Рашид-ад-дин, әл-Фараби, Мұхаммед ан-Насави, Жалел-ат-Дин, Қази-заде-ар-Руми т.б.). Кейбір көмекші сөздермен (ибн, әбу) келген шығыстық кісі есімдері күрделі-құрама атаулардың кұрамында келіп және сөз басында орналасса, құрамындағы көмекші сөздер бас әріппен дефиссіз беріледі (Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина атындағы..., Ибн Рушдтың «ғарыштық парасат» атты теориясы т.б.). Күрделі-құрама атаулар жа- сайтын кейбір көмекші сөздер (ат, ас, әл) сөз басында келсе, бас әріппен, сөз ортасында келсе, кіші әріппен, дефис арқылы жазылады (Әл-Фараби даңғылы, Ат-Тарази кәсіпорын бірлестігі; Балалар аурулары институты әл-Фараби даңғылында орналасқан).
7. Рудың аты жалқы есімнің алдынан келетін тұрақты эпитеттің орнын- да жұмсалса, бас әріппен жазылады (мыс.: Қызылқұрт Теке би, Қаракерей Қабанбай).
8. Найман, керей, албан, арғын, адай, қыпшақ, үйсін т.б. рулардың ішкі жіктерін көрсететін атаулар, мысалы, Сары үйсін, Даулеталы жары, Ұзын- қыпшақ, Көлденең қыпшақ т.б. жалқылық сипаты басым болғандықтан, бірінші сөзі бас әріппен жазылады.
9. Орта жүз, Кіші жүз, Ұлы жүз атаулары рулардың тегін емес, ұлыстық ұғымды білдіріп тұрғандықтан бас әріппен беріледі (сонымен бірге: Орта жүз арғын, Кіші жүз әлім т.б.).
10. Осы күнгі кісі есімдеріндегі қосымшалар (хан, бек, зада, бай, т.б.) титулды білдірмейді, сондықтан жұрнақ есебінде жұмсалады да, кісі есімімен бірігіп жазылады (Батырхан, Тұрсынзада, Бекзада, Ағылбек, Бекарыс).
11. Жер-су атауларының ішіндегі географиялық терминдер кіші әріппен, ал атаудың құрамындағы жалқы есім мен бірінші тұрған сөз бас әріппен жазылады (Әулие Лаврентий өзені).
12. Күрделі жер аттарының бірінші сыңары болатын тұрақты анықтауыштар бас әріптен басталып, бөлек жазылады (Ақ Ертіс, Қара Ертіс, Кенді Алтай).
13. Халықаралық, дүниежүзілік, бүкілдүниежүзілік, бүкіләлемдік, әлемдік, мемлекетаралық, азиялық, америкалық, республикалық, қазақ, ұлттық т.б. тірек сөздер күрделі-құрама атаудың басында келсе, бас әріппен, ортасында келсе, кіші әріппен жазылады (Халықаралық өмірбаян орталығы, Шығыс елдері халықаралық сәулет академиясы).
14. Екі күрделі-құрама атау тіркесіп келген жағдайда екінші атаудың басында тұрған тірек сөз кешенді атаудың ортасында тұрғанына қарамастан бас әріппен жазылады (Қазақстан Республикасы министрлігі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты).
15. Тірек сөздердің бірнешеуі атау ішінде қатарласа келсе, біріншісі ғана бас әріппен жазылады (Қазақ ұлттық университеті).
16. Екі немесе үш күрделі-құрама атау тіркесіп келген кешенді атауларда ірі және кіші нысаналардың аттары бас әріппен беріледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімі).
17. Кешенді атаудың ішіндегі жалқы есім кай тұста тұрғанына қарамастан бас әріппен беріледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты).
18. Жалпы жұртшылық қабылдаған, дәстүрлі қысқартуларда алдымен қысқарту, содан кейін жақша ішінде толық нұсқасы беріледі (АЕК – Айлық есептеу көрсеткіші).
19. Жоғары дәрежелі мемлекеттік марапаттар мен атақтар, кейбір символдық мәні бар ордендер мен медаль аттары тырнақшаға алынып жазылады. Тырнақша ішінде атаудың бірінші сөзі ғана бас әріппен беріледі («Алтын қыран» ордені). Мемлекет атымен аталатын орден, медаль, сыйлық аттары тырнақшаға алынбайды (Кеңес Одағының Батыры).
20. Қалалық микротопоним атауларына сәулет, мемориалдық ғимарат, алаң, кешен, мәдениет үйі, сауықтыру орындары, мәдени мекемелер мен ойын-сауық көрсететін орындардың т.б. аттары кірді. Қосымшада үлгі ретінде Алматы қаласының нысандары ғана камтылды. Микротопоним атаудың бірінші сөзі бас әріппен, қалғандары кіші әріппен жазылады. Егер атау құрамында жалқы есім кездесетін болса, ол бас әріппен беріледі.
21. Мерекелер мен атаулы күндердің тобына бүкілдүниежүзілік және халықаралық, ұлттық мерекелердің аттары кіреді.
22. Планеталардың, шоқжұлдыздардың, жұлдыздардың ғылыми және халықтық атауларының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады (Қамбар тоғысы, Таразы). Екі түбірден бірігіп жасалған атаулар қосылып жазылады (Темірқазық). Екі немесе одан да көп сөз тіркесіп келген атаулардың әр сөзі бөлек, бірінші сөзі бас әріппен жазылады (Көгалдай мергеннің көк шақпағы).
23. Қосымшада жалпыхалықтық, ұлттық мәні бар тарихи оқиға, ескерт- кіш т.б. аттары ғана қамтылады («Ашық есік» доктринасы, Ұлы сүргін, Ұлы жұт). Ауыс мағынада қолданылатын кейбір тарихи оқиға, ескерткіш аттары тырнақшаға алынады («Сарыорамалдылар» көтерілісі). Тарихи оқиға, ескерткіш, құжат т.б. аттарынан кейін шартты түрде жақша ішінде болған жылы не өткен ғасыры көрсетілді (Асы көтерілісі (1916), Күлтегін тас жазуы (VIII ғ.).
Дереккөзі: Орфографиялық сөздік / құрастырушылар: Н. Уәли, Қ. Күдеринова, А. Фазылжанова, Ж. Исаева, Н. Әміржанова, А. Әмірбекова; ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тіл комитеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. - 6-бас. - Алматы: Дәуір, 2013. - 708