Меню

Страницы

Статья

Қазақ тілді қоғам құру – арманым

Ол күніне 4-5 сағат қана ұйықтайды. Ал қалған уақытын адамдарға тіл үйретуге арнайды. Түріне қарасаң, біз көретін дорамалардағы актерлерге ұқсайтын кәріс азаматы. Бірақ «а» деп ауыз аша бастағаннан қазақша еркін сөйлей жөнелді. Негізгі мамандығы дәрігер болса да, қазақ тіліне деген махаббаты мен жанашырлығы лингвистика саласына алып келген. Иә, ол – елордалықтардың көпшілігіне таныс полиглот Владислав Тен.1937 жылы тағдырдың жазуымен қазақ даласына бір топ кәріс халқы жер аударылып келді. Қытымыр қыстың аязды күндерінде ең алғаш Үштөбеге табан тіреген кәріс жұртының тірі жандарынан басқа ештеңесі жоқ еді. Сол кезде жоқшылықтан тарығып отырғандарына қарамастан қалың қазақ әрбірін бір-бір үйге бөліп алып, ас-суын, киер киімін беріп, қолдарынан келгенше көмек қолын созды. 1938 жылы мұндағы ең көп диаспора кәрістер болды. Кейін олар оңтүстік аймақтарға көшті. Ташкентке дейін барды. Содан болар, бүгінге дейін кәріс диаспорасының ең көп шоғыры – Өзбекстанда. Себебі ол жақта күн ыстық. Егінмен шұғылдануға өте қолайлы. Владислав та – сол үркер көшпен келіп, қазақ жерінен жанына жәрдем тапқан жұрттың ұрпағы. Ол Ташкентте туып-өсті, сол жақта танымал клиникаларда дәрігер болып жұмыс істеді. Бірақ кезінде ата-бабасын ажалдан арашалап қалған Қазақ елінің қанатының астына қайта оралды. Мұнда келгенде де көптің бірі емес, қазақ халқына титтей де болса пайдам тисе екен деген мақсатпен келді. «Мен кәріс­тердің арасында жүрсем де қазақ тілін үгіттеп жүремін. Мақсатым көп. Солардың бастысы – қазақ тілді Қазақстан құру. Неге? Маған орыс тілімен өмір сүрсем де еш кедергі емес. Бірақ әділеттілік болу керек. Біз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз, ендеше ортақ тіліміз қазақ тілі болуы тиіс. Қазақ жерін кәріс жұрты киелі, қасиетті жер деп таниды. Себебі кезінде қиын уақыттарда ата-бабаларымыз қазақ жеріне жер аударылғанда, сіздердің аталарыңыз көмектескен. Өлім аузынан арашалап, жаңа өмір сыйлаған. Өздері аш жүрсе де бір нанды бөлісіп жеп, үйлерінен орын берген. Соның арқасында дәл қазір сізбен сөйлесіп отырған мен осы күнге жеттім. Сондықтан қазақ ұлтына деген махаббатым үлкен. Менікі ғана емес, бүкіл кәріс жұртының құрметі ерекше. Байқасаңыз, кәрістердің көпшілігі қазақша сөйлеуге ұмтылады. Біз бір тілде болсақ қана бір рухта боламыз. Ол тіл – орыс тілі емес, қазақ тілі» деді Владислав Тен.
Кейіпкеріміз қазақ тілін небәрі бір жылдың ішінде толық меңгеріп алыпты. Өзінің айтуынша, қазақ тілін үйрену оңай. Тек қазақты сүймей, қазақ тілін үйрену мүмкін емес. Тіл үйренуге менсінбеушілікті қойып, махаббатпен кірісу керек. Мысалы, өзбектерде тіл мәселесі жоқ, кәріс­терде де жоқ. Ол мұнда келмей тұрып Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі бар деп мүлдем ойламапты. «Қазақстанға келген кезімнен бастап қазақ тіліне деген қызығушылығым ояна бастады. Басында 3 жыл дәрігер ретінде жұмыс істедім. Шет тілдерге бұрыннан бері қызығамын. Лингвист болмай тұрып та өзбекше, кәрісше, орысша, ағылшынша білетінмін. Қазақ тілін үйрену қиын емес. 2017 жылдан бастап тереңдетіп үйрене бастадым. Себебі менде қажеттілік те, қазақ тілді орта да болмады. Бір жыл ішінде үйрендім. Мен бір тілді үйренгім келсе, максимум бір жыл ішінде үйрене аламын. Оған менің күшім де, қабілетім де жетеді. Өзімді ақылды деп санамаймын. Мен жай ғана шет тілдерін қалай тез үйренуге болатын жолдарын білемін. Дәрігер болғандықтан, ми функциясымен жақсы таныспын. Тіл үйрену үшін ең бірінші есту қабілетін дамыту керек. Адамдар керісінше кітап оқыса да, оны тыңдамайды. Көпшіліктің қазақ тілін үйренбеуіне қазақ тілді ақпаратқа назар аудармауы да себеп болып отыр. Қоғамда барлық ақпаратты орысша тыңдайды. «Қазақ тілі бай, күрделі» деу де дұрыс емес. Керісінше, бұл тіл оңай деп насихаттауымыз керек. 2017 жылы «Басты тақырып» деген бағдарламаны ұялы телефоныма көшіріп алып, 1 жыл тыңдадым. Басында түк ұқпадым. 3 айда аздап қана түсіне бастадым. 6 айда толық түсіндім. 1 жылдан соң тілім шықты. Маған орыс тілді қазақтар келеді. «Влад, біз ит сияқтымыз. Бәрін түсінеміз, бірақ сөйлей алмаймыз, неліктен?» дейді. Мен сосын оның нені ұқпай жүргенін тауып, диагнозын қойып беремін. Соны түсіндіріп берсем, сайрап қоя береді» деді кейіпкеріміз.
Владислав бұрын асқазан дәрігері еді. Қазір «тіл дәрігері». Ең алдымен «диагноз» қояды. Қоғамымыздың ең үлкен дерті – мемлекеттік тілді білмейтін науқастарды емдеп, жазып жүр. Дәрігер тіл қанмен ұрпақтан-ұрпаққа өтпейді деген пікірде. Егер қазақ Америкада туса, онымен ешкім қазақша сөйлеспесе, ол қазақша білмейді. Ондай ұрпақты «қазақсың ғой, неге қазақ тілін білмейсің?!» деп кінәлау да дұрыс емес. Балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында орысша оқыса, олардың не кінәсі бар? «Маған адамдар тіл білмейтіндігіне қиналып келеді. Біз соларға жағдай жасап, жүйе қалыптастыруымыз керек. Елбасы «рухани жаңғыру» керек деді. Бізде қазір екі рух тұр. Себебі екі тіл халықты екіге бөлген. Біз бір тілге көшкенде ғана бір отбасындай болып, нағыз «рухани жаңғыру» басталады. Қазір тіл орталығымда жеке әдіснамам бойынша бес тіл үйретіп жүрмін. Қай тілді болсын шет тілі ретінде үйретемін. Бірінші адамның санасына грамматиканы, сөйлем құрау формуласын қалыптас­тырамыз. Сосын қалай дыбысталуын, айтылуы мен жазылу ерекшелігін үйретеміз. Содан кейін ғана барып сөздік қорды байытамыз. Қазақ тілін үйренуге көбіне қазақтар келеді. Өйткені қазақ тілі басқа ұлтқа емес, ең бірінші қазақтарға керек. Өзге ұлттардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы аз. Бірінші кезекте қазақтар өз ана тілін үйренгісі келеді. Қоғамдағы «Қазақтар ана тілін менсінбейді» деген стереотиппен келіспеймін. Өз тілін үйренгісі келетін қаншама адам маған өкініштерін айтып жылап келеді. Бірақ оларды кінәлай алмайсың. Олардың миларында бірінші тіл орыс тілі ретінде қалыптасқан. Себебі ата-аналары олармен сол тілде сөйлесті. Жергілікті кәрістердің қазір кәрісше білмейтіні сияқты. Себебі ешкім бізбен ол тілде сөйлескен жоқ. Қоғамымыздағы тіл мәселесі өзге ұлттар қазақша сөйлемей жатқандықтан болып жатқан жоқ. Қазақпен қазақ қазақша сөйлесе алмағандықтан осындай жағдайға тап болдық. Бізде орыс тілділер қазақ тілін менсінбейді, ал қазақ тілділер орыс тілділерді түсінгісі келмейді. Өзбекстанда тіл мәселесі жоқ. Өйткені бүкіл өзбек ең бірінші өзбекше сөйлейді» деді тіл маманы.
Кейіпкеріміздің әңгімесіне қарап отырып іштей сүйсіндік. Қаным қазақ емес еді демей, жаным қазақпен бірге деп қоғамымыздың ең бір күрделі мәселесін шешуге білек түріп кірісіп кеткен. Міне, бүгінгі батыр, тіл жанашыры.
https://www.astana-akshamy.kz/qazaq-tildi-qogham-quru-armanym/

Дата публикации
08 июня 2021
Дата обновления
08 июня 2021
Тип
Мерзімді БАҚ

Сейчас читают

Ақпарат
26 декабря 2025
Алаяқтар қол қусырып отырмайды. Кибергигиена - сенің қорғанысың
26 декабря 2025
Балалар мен жасөспірімдерге арналған киберқауіпсіздік журналы «CYBERKRAFT»
Ақпарат
26 декабря 2025
Киберқауіпсіздік: Бала қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы