2025 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.К. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Осы заң аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, «маңдайша» ұғымы енгізіліп, жергілікті атқарушы органдардың маңдайшаны орналастыруға рұқсат беру тәртібі айқындалды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңы мынадай жаңа баптармен толықтырылды:
3-1-бап «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының негізгі мақсаты», 3-2-бап «Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері», 3-3-бап «Тіл саясатының қағидаттары».
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.