Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары арасында өтетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауды өткізу ережесі

Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары арасында өтетін

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауды өткізу

ережесі

 

  1. Жалпы ережелер

 

1.1 Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары арасында өтетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқаудың (бұдан әрі – Байқау) мақсаты:

- А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтау және насихаттау;

- оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу;

- Тілдерді оқыту орталықтарының авторлық бағдарламалары, ересектерге қазақ тілін тиімді оқыту әдістемелері бар оқытушыларын ынталандыру, қолдау және марапаттау.

         1.2 Байқаудың міндеттері:

- ересектерге мемлекеттік тілді авторлық бағдарламасымен оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушыларды анықтау, қолдау, марапаттау;

- оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеру және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау;

- қазақ тілін меңгертудің озық авторлық әдістемелерін тарату.

1.3 Байқау ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын мемлекеттік және жекеменшік Тілдерді оқыту орталықтары оқытушылары арасында өткізіледі.

1.4 Байқау мемлекеттік тілде өтеді.

1.5 Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігі 21-63 жас аралығын қамтуы тиіс.

1.6 Байқау офлайн режимде, бір күнде өтеді.

 

  1. Байқауды өткізу тәртібі

2.1 Байқаудың  ұйымдастырушысы: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті.

2.2 Байқау жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өткізіледі.

2.3 Байқауды өткізу туралы хабарландыру 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда жарияланады.

2.4 Байқау 3 кезеңнен тұрады:

         Бірінші кезең. Өзін және авторлық бағдарламасын таныстыру.

2.4.1 Авторлық бағдарлама әзірлемесіне (В1 деңгейі) қойылатын талаптар:

2.4.1.1 Авторлық бағдарлама атауы;

2.4.1.2 Кіріспе бөлім: оқу бағдарламасы туралы қысқаша ақпарат, бағдарламаның мақсаты мен міндеттері, төрт дағды бойынша күтілетін нәтиже;

2.4.1.3 Негізгі бөлім: тақырып, тақырыпша, коммуникативтік дағды, интенция, грамматика және қосымша материал (кесте түрінде беріледі):

  • әр тақырыпқа қатысты коммуникативтік дағды таратылып жазылады;
  • әр тақырыптың интенциясы, грамматикасы беріледі;
  • қосымша материал автордың өз қалауымен ұсынылады.

2.4.1.4 Қорытынды бөлім: бір сабақтың жоспары беріледі.

2.5  Екінші  кезең. Бұл кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің сөйлеудің 4 дағдысын үйретуге ұсынған тиімді әдіс-тәсілдері мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар беріледі. Қатысушы ұяшықтардан екі сұрақ таңдай алады, сұрақтарға толық жауап беру талабы қойылады.

2.6 Үшінші кезең. Байқау қатысушыларына В1 деңгейіне сәйкес келетін,  тыңдаушылар саны 5-10 өзге этнос өкілдерінен тұратын топ (бұдан әрі – сынама топ) ұйымдастырылады. Оқытушы сынама топтағы тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмаларды орындатады, сабақ көлемі 20 минут болады. Байқаудың бұл кезеңі жағдаяттық тапсырмаларға негізделеді.

 2.6.1 Тіл үйренушілердің жазылым, оқылым, айтылым, тыңдалым тапсырмаларын орындау кезінде топ мүшелерінің белсенділігі ескеріледі.

         

  1. Қорытынды ережелер

3.1 Қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау мақсатында қазылар алқасының құрамы анықталып, оны Тіл саясаты комитеті бекітеді. Қазылар алқасының құрамы білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан тұрады және саны үш адамнан аспайды.

3.2. Қазылар алқасының құрамы төраға және оның мүшелерінен тұрады. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы негізінде анықталады. Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Қазылар алқасы мүшелері байқаудың барлық кезеңі бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

3.3 Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушы бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде бекітіледі.

3.4 Байқауға Астана, Алматы, Шымкент және облыстарда іріктеуден өткен оқытушылар қатысады. Іссапар шығындары ұйымдастырушылар тарапынан төленеді.

3.5 Байқаудың жеңімпаздары туралы ақпарат Байқау біткеннен кейінгі                   10 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің интернет-ресурсына орналастырылады.

 

  1. Күтілетін нәтиже

4.1. Байқау аясында еліміздегі авторлық әдістемесі қалыптасқан тәжірибелі оқытушыларды анықтау арқылы ересектерге қазақ тілін үйрету әдістемесі насихатталады.

4.2. Үздік әдіскерлердің пулы қалыптасады.

4.3. Байқау аясында жыл сайын оқытушыларды ынталандыру арқылы мемлекеттік тілді оқыту үдерісі ілгерілейді, әдістемелік тәжірибелер жинақталады.

Байланыс телефондары: 8(7172)749911, 448868,  8(702)7714232.                                                

қосымша

 

Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары арасында өтетін

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауға қатысуға өтінім

 

  1. Т.А.Ә.
  2. Жасы
  3. Білімі
  4. Қызметі
  5. Мекенжайы
  6. Байланыс телефондары
  7. Қосымша ақпарат

 

                                                                                                                 Қолы

 

                                                                                                                 Күні

Дата публикации
11 мая 2023