«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қағидалары мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында әзірленді.
Конкурсты өткізудің міндеттері:
- мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту;
- мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері туралы мақалалар, бағдарламалар арқылы отандастарымыздың санасын жаңғырту;
- қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту.
Конкурс екі номинациядан тұрады:
1) «Үздік мақала»;
2) «Үздік теле-/радиобағдарлама».
Конкурсқа кәсіби журналистер (штаттағы және штаттан тыс), телевидение және радио, газет, сайт ұжымдары, сондай-ақ осы Қағидалардың талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде мақалалар жариялаған Қазақстан Республикасының басқа да азаматтары қатыса алады. Қатысушылардан еліміздегі және шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, ғылыми зерттеулер, проблемалар мен олардың шешу жолдарына негізделуі қажет. Конкурс материалдарында қазақша сөйлеуді ұлттық брендке айналдырудың тиімді жолдары көрсетілгені жөн.