Құрметті әріптестер, семинарға қатысушылар!
Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы ретте қазақ терминологиясын реттеуге, жүйелендіруге баса назар аударылып отыр. Бүгінде қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электрондық базасында 380 мыңнан аса термин орналастырылған болса, соның 32670-і – бекітілген терминдер.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналаған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ағымдағы жылы Мемлекеттік терминология комиссиясының отырыстарында 4 мыңнан аса термин бекітілуі тиіс. Осы ретте жылдың аяғына дейін терминологиялық базадағы терминдердің саны 35 мыңнан асады деп күтілуде.
Бұл көрсеткіш аз болып көрінгенімен, терминдерді бекітудің қаншалықты күрделі процесс екенін осы залда отырған Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері, әріптестер жақсы біледі. Дегенмен терминологияны реттеу жұмыстары терминологияның «бір термин бір ұғымды білдіреді, синонимі болмайды» деген сияқты негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, жұмысты үздіксіз әрі қарқынды жүргізу қажет екендігі белгілі.
Қазіргі бекітілген терминдерге назар аударатын болсақ, сапалы, ұтымды дейтін терминдермен қатар бірнеше нұсқада бекітілген, ұғымның мағынасын аша бермейтін де терминдер кездеседі. Осыған байланысты аталған Мемлекеттік бағдарлама аясында терминдерге мониторинг жасау жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба 2022-2024 жылдар аралығында іске асырылады.
Ағымдағы жылғы 1-кезеңде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы терминдер таңдалып, 6 мың терминге мониторинг жасалды. Жоба толық аяқталғаннан кейін нормативтік терминологиялық сөздік шығарылады. Осылайша өзгермейтін нақты терминдерге бет бұрамыз деп отырмыз.
Міне, бүгін жобаны іске асырушы терминолог ғалымдар атқарылған жұмыс бойынша есеп беру үшін жиналып отыр. Сарапшылар да ортамызда. Жобаның нәтижесі ойдағыдай болуы үшін, баршаңызды семинар жұмысына белсенді қатысуға шақырамын.
Семинар жұмысына сәттілік тілеймін!
Назарларыңызға рақмет!