Құрметті әріптестер, онлайн семинарға қатысушылар!
Ұлттық терминологияны мейлінше дамыту арқылы мемлекеттік тіліміздің ғылымның кез келген саласындағы орнын нақтылай түсетініміз дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Тіл – тірі құбылыс болғандықтан замана сұраныстары мен өзгерістеріне сай жаңа терминдер пайда болып, терминология мәселесі қордаланып отырады. Оны шешуде консенсус іздеу, әсіресе әбден орныққан шет тілдік терминдерді игеру мәселесін оңтайлы шешу тілімізді байытуға, күрделі терминдердің мағынасын ашуға әсерін тигізеді.
Ғылым мен техниканың әлемдік озық үлгілерін қабылдап қана қоймай, дамыған елдермен терезе теңестіру, жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін білім алу қажет. Ал білім беру мәселесі салалық терминологиямен қатар келетіні белгілі. Бұл ретте аударма арқылы қазақ тілінің терминологиялық қорына жаңа халықаралық ғылыми лексиканы енгізген «100 жаңа оқулық» жобасының орны ерекше.
Жоба аясында түрлі салалар бойынша аударылған 100 оқулық бүгінгі таңда студенттер мен ізденушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болғанын байқап жүрміз. Бүгінгі семинарымызға осы оқулықтарды аударуға тікелей атсалысқан кәсіби мамандарды, сондай-ақ оқулықты пайдаланып жүрген практик ғалымдарды шақырып, аударма тәжірибесіндегі терминжасамның әдістемелік мәселелерін талқылауды жоспарлап отырмыз.
Жоба аудармашылары ғылыми-теориялық мәселелерді зерделеп, қол жеткізген мәселелерімен бөліссе, оқытушылар мен ізденушілер қолданбалы тұрғыдан термин баламаларының қаншалықты сәтті шыққандығына баға берсе, терминологиялық жүйені біріздендіру, терминдерінің түсіндірмесін жасау және т.б. мәселелердің оң шешімі табылады деген ойдамыз.
Бүгінгі «Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы еңбектерді аударудың терминжасамдық жүйелілігі» республикалық әдістемелік онлайн семинарына еліміздегі жетекші терминолог ғалымдар, ЖОО оқытушылары, орталық және атқарушы органдардағы сала мамандары және жергілікті атқарушы органдардың терминология саласына жауапты қызметшілері, БАҚ өкілдері қатысып отыр.
Әдістемелік семинарда шеттілдік терминдерді аударудың тиімді әдіс-тәсілдері терминжасам бағыттары қарастырылып, қазақ терминологиясының ғылыми-теориялық және практикалық мәселелері талқыланады деген үміттеміз.
Семинар жұмысына сәттілік тілеймін.
Назарларыңызға рақмет!