2022 жылдың 2-ші жартыжылдығына арналған негізгі міндеттер
Тіл саясатын дамыту бойынша келесі іс-шаралар жүзеге асырылады:
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында Қазақ тілінің ұлттық корпусы бойынша сөзқолданыс саны 10 млн.-ға арттырылып, 2025 жылға дейін 40 млн. сөзқолданыс жинақталады.
Отандық және халықаралық ғылыми және әдіснамалық тәжірибелер ескеріле отырып, қазақ тілінің сөзжасамдық табиғатына сай терминдерді қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. 2022-2023 жылдары қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 17 000 терминге, 2024 жылы жаратылыстану және техникалық бағыттағы 15 000 терминге мониторинг жасау жоспарланып отыр.
Мемлекеттік тілді оқыту бойынша әзірленген 12 ІТ-өнімді мемлекеттік органдарда таныстыру, насихаттау жұмыстары, сонымен қатар 8 жаңа ІТ-өнімді енгізу және шығару жұмыстары жүргізілетін болады.
Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Оның принциптері (коммуникативті принцип, лексикалық минимумдар т.б) жалпы білім беру ұйымдарының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің жаңа типтік оқу-бағдарламаларын әзірлеу барысында басшылыққа алынады.
Орта білім беру жүйесінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 10 000 адам тест тапсырып, жүйе электронды форматқа көшеді.«Абай институты» онлайн-платформасы аясында шетелдегі қазақ диаспораларына оқу курстары, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жалғастырылады. «Қазақ тілі» әмбебап басылымының В1, В2 деңгейлері әзірленіп, электронды түрде платформаға орналастырылады.
230 этномәдени бірлестіктер оқу-әдістемелік көмекпен қамтылады.
Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 186 бұйрығына сәйкес тіл заңнамасының сақталуы бойынша 2022 жылдың екінші жартыжылдығына бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау 31 орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда жүргізіледі.
Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңес өткізу жоспарлануда.
Ұлттық компаниялар, екінші деңгейлі банктер, әуе компаниялары, орталық атқарушы органдарға бағынысты ведомстволық ұйымдарға (104 интернет-ресурсқа) мониторинг жұмысы жалғастырылады.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту бойынша негізгі жоспарланған іс-шаралар:
- Ыстамбұл қаласында (Түркия) дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру;
- ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы (Франция) штаб-пәтерінде дөңгелек үстел өткізу;
- Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу. Аталған іс-шаралар бойынша Сыртқы істер министрлігімен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
- Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы еңбектерін 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын және түрік) әзірлеп, баспадан шығару;
- Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетел архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу;
- «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісін шығару бойынша жұмыс жүргізу.