GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Комитет туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Әкім аппараты
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Все материалы
Жер ресурстары
21 октября 2026
1,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында жалпы ауданы 1,9 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерлердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Бұл Заң Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде белгілі болды.

Еліміздің жер заңнамасына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу не ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін берілген жер телімдері пайдаланылмай жатқаны анықталған күннен бастап бір жыл ішінде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаса, заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

Анықталған заң бұзушылықты жою және заңдылықты қалпына келтіру мақсатында департамент Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берді.

Сот департаменттің талап арызын толықтай қанағаттандырды. Нәтижесінде жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.

Жер ресурстары
08 октября 2026
Бұрын пайдаланылмаған 792,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталды

Биыл бұрын пайдаланылмаған 792,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталды. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан тағы 1,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен ауыл халқының қажеттіліктері үшін жерлерді қайта бөлу және жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі Республикалық комиссияның отырысында айтылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бір жыл бұрын Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген 13,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін қайта бөлу жөніндегі тапсырма орындалды.

Оның ішінде 5,5 млн гектар жер жалпыға ортақ пайдаланылатын жайылым ретінде бекітілсе, 8 млн гектар жер ауыл шаруашылығын жүргізу үшін азаматтар мен басқа да жер пайдаланушыларға конкурстық негізде берілді.

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайта бөлу жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге бірқатар өңірде бұл жерлерді түпкілікті пайдаланушыларға беру қарқыны төмен болып отыр. Атап айтқанда, Атырау облысында бұл көрсеткіш 32,4%-ды, Маңғыстау облысында – 24,6%-ды, Ұлытау облысында – 21,1%-ды құрайды.

Отырыста тозған жайылымдарды қалпына келтіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тиісті шараларды пысықтау үшін жайылымдарды басқарудың бекітілген жоспарлары бар және геоботаникалық зерттеулер жүргізілген үш пилоттық аудан айқындалды.

Алматы облысының Райымбек ауданында пилоттық жоба өнімділігі төмендеп, жергілікті деңгейде тозу белгілері байқалған 9,2 мың гектар таулы және тау бөктеріндегі жайылымды қамтиды.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында мал жайылымына түсетін жүктемесі жоғары елді мекендердің 17,4 мың гектар жайылымы қамтылады.

Ақмола облысының Целиноград ауданында елді мекендерге жақын орналасқан, барынша тозған 6,6 мың гектар далалық жайылымда тиісті шаралар жүзеге асырылады.

Осылайша, пилоттық учаскелердің жалпы аумағы 33 мың гектарды құрайды. Қарастырылған шаралар жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және халықты мал жаюға қажетті жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Серік Жұманғарин мемлекет есебінен қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген ауыл шаруашылығы жерлерін беру олардың жер пайдаланушылар тарапынан тиімді пайдаланылуына қатысты нақты міндеттемелермен қатар жүруге тиіс екенін атап өтті.

«Егер мемлекет жерді суару үшін инфрақұрылым жасаса, жер пайдаланушы тарапынан да тиісті міндеттемелер болуы керек. Атап айтқанда, суару жүйелерін орнату, жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану, рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және басқа да міндеттер көзделуі тиіс. Жер өз мақсатына сай пайдаланылып, нақты нәтиже беруі керек. Егер мұндай жерлер ұтымды немесе нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса, мемлекет оларды қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруы қажет», – деді Серік Жұманғарин.

Отырыста мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді жаңа пайдаланушыларға беру кезінде туындайтын мәселелер де қаралды. Олардың қатарында жер учаскелеріне құқықтардың тоқтатылғанын тіркеудің нақты міндетті мерзімдерінің белгіленбеуі, пайдаланылмай жатқан жерлерді иесіз мүлік деп тану рәсімдерінің ұзақтығы және өзге де әкімшілік кедергілер бар.

Е-АӨК (АӨК цифрландыру)
06 октября 2026
Егістік даласынан фермаға дейін: Digital Qazaqstan аясында АӨК-тің негізгі бағыттары цифрландырылуда 

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенінде цифрландырудың алты бағыты жүзеге асырылуда. Аталған бағыттар негізінде Digital Agro бірыңғай платформасын құру көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Негізгі бағыттар мен жүзеге асыру нәтижелері:

Мемлекеттік қолдау: ақылы жеке аналогтер орнына «Мемлекеттік агро» тегін субсидиялау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде жүйеде 209 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Мал шаруашылығын есепке алу: малдың толық өмірлік циклі мен ветеринариялық іс-шараларды қадағалау АЖС, РЖС ақпараттық жүйелері және «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы қамтамасыз етіледі.

Өсімдік шаруашылығы: егіс жұмыстарын цифрлық жоспарлау, өнім партияларын есепке алу және өндірушіден элеваторға дейін ғарыштық мониторинг жүргізуге арналған Өсімдік шаруашылығындағы қадағалау ақпараттық жүйесі қалыптастырылуда.

Жер ресурстары: цифрлық карта 100%-ға қалыптастырылды. Агрохимиялық, геоботаникалық және топырақ зерттеулерін 2029 жылға қарай толық қамту жоспарланып отыр. Жерді ұтымды пайдалануға мониторинг жасау «ЖерИнСпектр» жүйесі арқылы жүргізіледі.

«Смарт-ферма»: цифрлық технологияларды 650-ден астам кәсіпорын қолданады. Оның ішінде 200 смарт-шаруашылық бар, соның ішінде 112 сүт фермасы және автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жабдықталған 30-дан астам бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Бірыңғай платформа: цифрлық талдау жүргізу және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдау үшін «Смарт Дата Агро» деректер жиынтығы қалыптастырылуда.

Жер ресурстары
06 октября 2026
Қарағанды облысында 750 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Қарағанды облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жоспардан тыс тексеру барысында Шет ауданында орналасқан жер учаскелерін беру кезінде жер заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтады.

Атап айтқанда, жалпы алаңы 750 гектар болатын жер учаскелері заңнамада көзделген конкурстық рәсімдер өткізілмей берілген.

Анықталған бұзушылықтарды жою және заңдылықты қалпына келтіру мақсатында департамент Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аудандық жер қатынастары бөлімі мен жер пайдаланушы арасында жасалған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот талап қою талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жер заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, жер учаскелерін беру кезінде жол берілген бұзушылықтарды анықтау және жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі шараларды қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.

Жер ресурстары
24 сентября 2026
Ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару: 2026 жылғы жоспар артығымен орындалды

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңнама талаптары сақталмай берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды айналымға енгізу бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Жылдық жоспар 1 млн гектар болған, 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды.

Осы салада жүргізілген жұмыстың қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов толық мәлімет берді.

«Мәселе жерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қайтарылған жерлерді одан әрі тиімді пайдалану, олардан нақты нәтиже алу және, ең алдымен, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету», – деді Мұрат Теміржанов.

Жер ресурстарының пайдаланылуына бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Биыл аумақтық бөлімшелер ауданы 1 млн гектардан асатын жерлерде мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жер пайдаланушыларға жалпы аумағы 884 мың гектар жердегі бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Ал тағы 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қоюға қатысты материалдар сот органдарының қарауында.

Бұл ретте жылдық жоспардың орындалуы бақылау іс-шаралары тоқтатылатынын білдірмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жерді пайдалану талаптарының бұзылуын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар қайтарылған жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылғы қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жер көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, 8 млн гектары агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне конкурстық негізде берілді.

Ауданы 10 мыңнан 50 мың гектарға дейінгі ірі жер алқаптарын тиімді шаруашылық айналымына енгізуге ерекше назар аударылуда. Бұл ауылдық жерлерде жаңа, оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Сонымен бірге мемлекет өз шаруашылығын дамытуға инвестиция салатын аграрлық сала өкілдерінің  құқықтарын қорғауды күшейтуде. Арнайы құрылған жұмыс тобы мен бекітілген әдістемелік ұсынымдар фермерлердің адалдығын бағалаудың нақты жүйесін қалыптастырды, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін белгіледі және жер пайдалану құқығын ұзарту тәртібін жеңілдетті.

Топырақты қорғау саласында да маңызды өзгерістер енгізілуде. 2026 жылғы шілдеде «Топырақты қорғау туралы» Заң күшіне енді. Құжатта жердің құнарлылығын сақтауға басымдық беріліп, жер пайдаланушылардың жауапкершілігі күшейтілді.

Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын қалыптастыру аясында биыл 7 млн гектар аумақта топырақ зерттеулері, 7,5 млн гектарда геоботаникалық зерттеулер және 4 млн гектарда агрохимиялық зерттеулер жүргізілді. Ал жерді бағалаудың цифрлық материалдарымен 53,5 млн гектар аумақ қамтылды. Зерттеу нәтижесінде қалпына келтіру шараларын қажет ететін 2,7 млн гектар деградацияға ұшыраған жер анықталды.

Алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу тетігі толығымен электрондық форматқа көшіріледі.

«Электрондық конкурстар өткізу адам факторын болдырмауға және жер комиссияларының институционалдық жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық жүйені техникалық тестілеу және оның функционалдық мүмкіндіктерін бағалау заң нормалары ресми түрде күшіне енгенге дейін Ақмола облысы мен Жетісу облысының аумағында пилоттық жоба аясында жүргізіледі», – деді Мұрат Теміржанов.

Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қатысты мораторийдің мерзімі аяқталуына байланысты оны 2031 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін түзетулер әзірленді.

Мұрат Теміржанов жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатаң сәйкес жалғасатынын атап өтті. Бұл жұмыс жерді әділ әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, жер ресурстарын сақтауға, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жер ресурстары
22 сентября 2026
Жер ресурстарын басқару комитетінің әдеп нормаларын сақтау және азаматтардың өтініштерін қарау мәселелері жөніндегі кеңесі

Бүгін Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары М. Каженовтың төрағалығымен Комитеттің аумақтық жер ресурстарын басқару департаменттері және ведомстволық бағынысты ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау және азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақтылы қарау мәселелері бойынша жиналыс өткізілді.

Жиналыс барысында Комитеттің Әдеп жөніндегі уәкілі Д. Солтанбеков аталған мәселелер бойынша баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына, қызметтік қарым-қатынас мәдениетіне, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау сапасы мен мерзімдеріне қатысты негізгі мәселелерге тоқталды.

19 сентября 2026
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты.

Сенбілік барысында қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді.

«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық және абаттандыру іс-шараларына белсенді қатысатын болады.

Е-АӨК (АӨК цифрландыру)
Ғылым және инновация
Жер ресурстары
04 сентября 2026
13,5 млн гектар қайта бөлінген ауыл шаруашылығы жері, жасанды интеллектіні енгізу және аграрлық ғылымды дамыту: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары қалай орындалуда

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау жұмыстары елімізде жалғасып келеді. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы әкімдіктермен бірлесіп, қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, жер қатынастарын цифрландыру, қолданбалы аграрлық ғылымды дамыту және өндіріске заманауи технологияларды енгізу шараларын жүзеге асыруда.

Жайылымға – 5,5 млн гектар, ауыл шаруашылығы өндірісіне – 8 млн гектар

Негізгі бағыттардың бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін және заңнаманы бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары 2022 жылы басталды. Бұл жұмысты үйлестіру үшін Жұмыс комиссиясы құрылды.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған сәтте 13,5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылып, оның 6 млн гектары қайта бөлінген болатын. Қалған 7,5 млн гектар өңірлер бойынша бекітілген қайта бөлу жоспарларына енгізілді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, тағы 8 млн гектары ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілді.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 7,5 млн гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырма орындалды. Оның 3,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халыққа, 4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурстық негізде берілді. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру Жер кодексіне және конкурстар өткізу жөніндегі белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Өңірлерде жерді қайта бөлудің түрлі тетіктері қолданылады: тұрғындарға жайылымдарды бекітіп беру, жайылымдық жерлерді пайдалану құқығын беру, елді мекендердің шекарасын кеңейту және жерлерді резервке қою.

Айта кету керек, жерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл ретте қайтарылған жерді әділ қайта бөлуге және оларды одан әрі шаруашылық айналымына енгізуге баса мән берілуде. Жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, жұмыспен қамту және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады.

АӨК-ті цифрландыру: жасанды интеллект және деректер жер ресурстарын басқару тәсілдерін өзгертуде

Келесі кезең жер ресурстарын басқару тиімділігін арттырумен байланысты. Бұл бағытта цифрлық құралдарды, ғарыштық мониторинг пен геоаналитиканы қолдану аясы кеңейіп келеді.

Заманауи технологияларды пайдалану игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтауға, жердің жай-күйін бақылауға және оны бөлу процестерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Цифрландыру біртіндеп АӨК-ті ауқымды трансформациялаудың бір бөлігіне айналуда. 2026 жылы ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтілуде. Практикалық мысалдардың бірі – ара селекциясына және омарта шаруашылығын басқаруға арналған Apislab цифрлық платформасы. Платформаны еліміздің түрлі өңірлеріндегі омарта шаруашылықтары пайдаланып келеді.

Алдағы уақытта цифрлық шешімдер ресурстарды басқару мен селекциядан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін бақылау және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға дейінгі өндірістік процестердің барған сайын кең ауқымын қамтуы тиіс. 

34 ғылыми бағдарламаға 28,9 млрд теңге: әзірлемелер өндіріске келуі тиіс 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың тағы бір маңызды бағыты – аграрлық ғылымды және оның практикалық бағдарын дамыту. Осы мақсатта АӨК-ті дамыту тұжырымдамасына Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын (ҰАҒБО) тігінен интеграцияланған агрохабқа айналдыру жөніндегі шаралар енгізілген. 2024-2030 жылдарға арналған ҰАҒБО-ны дамытудың стратегиялық жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бүгінде ҰАҒБО – аграрлық саланың ғылыми-білім беру мекемелерін біріктіретін ғылымның мемлекетпен және бизнеспен өзара іс-қимыл операторы. Оның құрамына 33 еншілес ұйым кіреді, оның ішінде жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, ауылшаруашылық тәжірибе стансалары және тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтар бар. Мұндағы міндеттердің бірі материалдық-техникалық базаны жаңарту болып қала бермек. Тұқым шаруашылығы жөніндегі кешенді жоспар аясында 2019 жылдан бері алғаш рет республикалық бюджеттен 16,8 млрд теңге бөлінді.

2030 жылға қарай енгізуді 40%-ға жеткізу: аграрлық ғылым зерттеулерден нәтижеге көшуде


Ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Биыл 2024 жылы басталған жалпы сомасы 28,9 млрд теңге болатын 34 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыру аяқталмақ. Зерттеу нәтижелері егін шаруашылығында, мал шаруашылығында және өңдеу саласында іс жүзіне асуы керек. Мәселен, мемлекет тарапынан жүргізілетін сұрыптарды сынау жұмыстарына 115 жаңа сорт пен ауыл шаруашылығы дақылдарының будандарын беру, өңірлердің климаттық карталарын және топырақ жағдайын жақсартудың жаңа әдістерін ойлап табу жоспарлануда. Мал шаруашылығында ауыл шаруашылығы жануарларының ұлттық тұқымдарының генетикалық сипатын жақсарту, 11 жаңа сұрыптау нәтижелерін, малды бағу және жемдеудің 7 технологиясын жасап шығару көзделген. Қайта өңдеу саласында құналы тамақ өнімдерінің жаңа технологиялары және жалған өнімді анықтау әдістері әзірленуде.

Бұл жұмыстардың тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу. 2030 жылға қарай олардың үлесін 40%-ға дейін арттыру міндеті қойылды. Қазір бұл көрсеткіш 22%, ал 2023 жылы 17% және 2024 жылы 19% болған. Осы мақсатта ҰАҒБО-ға қарасты Трансферт және коммерцияландыру орталығының қызметі қайта қаралды. Оның міндеті – ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде асыруды жеделдету және зерттеу нәтижелерін сұранысқа ие өнімдерге, технологиялар мен қызметтерге айналдыу. Ғылыми институттар, университеттер мен аграрлық бизнес арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілуде, мәселен: техникалық міндеттерді анықтау кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің нақты қажеттіліктері ескеріледі.

«Батырхан», вирусы жоқ тамыр сабақтары және «Апорт»: әзірлемелер шаруашылықтарға енгізілуде

Аграрлық ғылымның практикалық бағыты, әсіресе, отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту саласында байқалады. 2026 жылы селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасуда. Сортты жасап шығару мен мемлекет тарапынан сортты сынаудан бастап тұқым өндіруге, оны кеңінен жолға қоюға және шаруашылықтарға енгізуге дейінгі дәйекті тізбек қалыптасуда.

Биылғы нәтижелерінің бірі ретінде топырақтың құрғап, сортаңданып кетуіне төзімді жаздық «Батырхан» арпасының жаңа сорты жасап шығарылғанын атап өтуге болады. Сорт мемлекет тарапынан жүргізілетін сортты сынаудың одан арғы процедураларынан өту үшін дайындалған. Вирусы жоқ егу материалының өндірісі де дамуда. Наурыз айында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ мен Оңтүстік Кореяның VITROSYS INCORPORATION компаниясы in vitro технологияларын қолдана отырып, тұқымдық картоп өндіру жүйесін құру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Алматы облысында да алма ағашының вирусы жоқ тамыр сабақтарын өсіру үшін база құрылуда. Сәуір айында Нидерландыдан 7 мыңнан астам тамыр сабағы жеткізілді, сонымен бірге еліміздің ішінде де in vitro әдісімен егу материалының өндірісі дамытылуда. Отандық «Апорт» сортын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Вирусы жоқ генетикалық материалдар қалыптасуда, үлгілерді молекулалық-генетикалық сәйкестендіру жүргізілуде және in vitro өсімдіктерді көбейту технологиясы дамуда.

Қазақстандық ғалымдар биопестицидтер мен мәрмәр қой етін өндіру технологияларын әзірлеуде 

Аграрлық ғылымды дамытудың маңызды элементі – халықаралық ынтымақтастықты нығайту.  2026 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында қалдықтарды басқару бойынша Халықаралық ғылыми-оқу зертханасы ашылды. Зертхана қалдықтарды қайта өңдеу, ресурстарды үнемдеу, тұрақты ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар бағыттарында зерттеулер жүргізеді.

Шілде айында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты биопестицидтерді әзірлеу және оларды өндіруді локализациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ғылыми ұйымдарда өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын, оның ішінде марокколық шегірткеге қарсы күресуге арналған Metarhizium anisopliae негізіндегі препараттарды сынау жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттың дамуы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өсімдіктерді қорғау құралдарының өндірісін кеңейтуге және импорттық химиялық препараттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Шілде айында тағы бір ірі жоба – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында халықаралық One Health Research орталығының ашылуы болды. Орталық биологиялық қауіпсіздік, микробиология, азық-түлік қауіпсіздігі және ветеринария салаларында зерттеулер жүргізумен, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларды және академиялық ұтқырлықты дамытумен айналысады. Зерттеулердің практикалық бағыты мал шаруашылығы саласына да қатысты. Ғылыми ұйымдар қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндіру, сондай-ақ сауынды түйелерге арналған отандық экструдталған құрамажем өндіру технологияларын әзірледі. Генетика, селекция, азықтандыру және жануарлардың өнімділігін арттыру бойынша зерттеулер жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін білімді тарату бағдарламасы жалғасуда: жаңа технологиялар мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері бойынша семинарлар, вебинарлар және консультациялар өткізілуде.

Аграрлық зерттеу бағытындағы жоғары оқу орындарын жаңғыртуға 57 млрд теңге қарастырылған

Аграрлық бағыттағы екі зерттеу университетін – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамытуға ерекше назар аударылуда.

Оларды дамыту бағдарламалары ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуды, материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды және аграрлық ғылым мен білім берудің заманауи халықаралық орталықтарын қалыптастыруды көздейді. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-ға 20,4 млрд теңге, ал ҚазҰАЗУ-ға 36,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Осылайша, аграрлық университеттер мен ғылыми ұйымдар біртіндеп тек кадр даярлау орталықтары ғана емес, сонымен қатар қолданбалы зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және оларды кейіннен өндіріске енгізу алаңдарына айналуда. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа технологиялық негізін қалыптастыруда. Қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, өндірісті кеңейтуге қажетті ресурсқа айналуда. Цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы алқаптары мен өндірістік үдерістерді басқарудың тиімділігін арттырса, қолданбалы аграрлық ғылым саланы жаңа сорттармен, технологиялармен және ғылыми әзірлемелермен қамтамасыз етуде. Бұл кезеңдегі басты міндет – атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тікелей жеткізіп, еңбек өнімділігінің артуы, ресурстарды пайдалану тиімділігінің жақсаруы және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігінің артуы түрінде нақты нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Жер ресурстары
Халықаралық ынтымақтастық және инвестициялар тарту
25 августа 2026
Қазақстан COP17 аясында халықаралық қоғамдастықты «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын қолдауға шақырды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Ұлан-Баторда өткен БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптары конференциясының 17-сессиясы (COP17 UNCCD) Жоғары деңгейдегі сегменті аясындағы Министрлер диалогына қатысты.

Өз сөзінде вице-министр жердің тозуына жол бермеу, топырақ құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығының климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанда 219 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар. Оның ішінде ауқымды табиғи жайылымдар да қамтылған. Сондықтан жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және тозған аумақтарды қалпына келтіру – экологиялық қана емес, экономикалық және әлеуметтік міндет», – деді Назгүл Хатепова.

Жер ресурстарын тұрақты басқару жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Биыл жердің жай-күйін мониторингтеуге, оның тозуының алдын алуға және топырақ жамылғысын қалпына келтіруге құқықтық негіз қалыптастыратын «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар қолданылатын алқаптардың көлемі 500 мың гектардан асты.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аясында соңғы жылдары 15 млн гектар жер қайтарылды. Оның едәуір бөлігі қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
Қазақстан өңірлік ынтымақтастыққа да ерекше мән береді.

Вице-министр БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттерді, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын өңірдің жер ресурстарын қорғауға және трансшекаралық шаңды және құмды дауылдарға қарсы іс-қимылға бағытталған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын іске асыру үшін күш біріктіруге шақырды.

2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қарарында бекітілген бұл бастама қорғаныш орман белдеулерін құруды, тозған жерлерді қалпына келтіруді, сондай-ақ трансшекаралық шаңды және құмды дауылдардың алдын алу және олардың салдарын азайту бойынша өңір мемлекеттерінің күш-жігерін үйлестіруді көздейді.

COP17 UNCCD 2026 жылғы 17–28 тамыз аралығында Ұлан-Баторда «Жерді қалпына келтіру – үмітті жаңғырту» ұранымен өтуде.

Оған Конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің және Еуропалық одақтың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.

Жер ресурстары
22 августа 2026
Атырау облысында 500 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Атырау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында Қызылқоға ауданында орналасқан, шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жалпы алаңы 500 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталды.

Заң бұзушылықтарды жою мақсатында жер пайдаланушыға тиісті нұсқама берілді. Алайда нұсқама орындалмағандықтан, аталған департамент Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша департамент талабы толық қанағаттандырылды. Нәтижесінде жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан немесе нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы