
Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде Бостандық ауданындағы Әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан 1,79 га жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталды.
Белгілі болғандай, 2007 жылы Алматы қаласының әкімдігі аталған жер учаскесін жеке меншікке өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексінің бірнеше бабы (16, 39, 43, 48-баптар) бұзылған.
Жер учаскесін беру кезінде Инвестициялар комитеті мен ЖШС арасында инвестициялық келісімшарт жасалмаған. Заңнамаға сәйкес, инвестициялық жобалар шеңберінде жерді беру тек инвестиция салу және инвестициялық преференциялар қарастырылған тиісті келісім болған жағдайда ғана мүмкін. Алайда бұл талаптар ескерусіз қалған.
Департаменттің құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арызы бірінші сатыдағы сотта толығымен қанағаттандырылды. Кейін, 2025 жылғы 16 қаңтарда, Алматы қалалық соты бұл шешімді күшінде қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді, осылайша бұрын берілген құжаттардың жарамсыздығы түпкілікті расталды.