
2024 жылғы 3 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы аудандық соты мемлекеттік инспекторға шабуыл жасау ісі бойынша үкім шығарды. Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3-бөлігі бойынша – "Билік өкіліне қатысты оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолдану" бойынша кінәлі деп танылып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 2024 жылғы 22 шілдеде ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті ғимаратының жанында орын алған. Ер адам мемлекеттік инспекторға пышақпен қоқан-лоқы көрсетіп, оны беттен ұрып, бірнеше рет аяқпен соққы жасаған. Шабуыл жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Қақтығысқа басты себеп – айыпталушының жұбайына жер учаскесін заңсыз иемденіп, киоск орнатқаны үшін салынған әкімшілік айыппұл болған. Мемлекеттік инспектордың қызметтік міндеттерін орындағанына өш алу мақсатында осындай әрекетке барған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.