Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарының жер ресурстарын тиімді басқару құралы ретіндегі маңыздылығы

Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарының жер ресурстарын тиімді басқару құралы ретіндегі маңыздылығы

Республиканың жер қоры негізінен ауыл шаруашылығы алқаптарынан тұратынын ескере отырып, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. 

Сәйкесінше, осы саладағы мәселелерді тиімді шешу үшін цифрлық ауыл шаруашылығы карталары қажет. Осы карталар үлкен аумақтар бойынша біртекті және салыстырмалы ақпарат алуға мүмкіндік береді, мұны тек жердегі зерттеулерді қолдану арқылы ала алмаймыз.

Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы мәліметтерді қалыптастыруға және мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге арналған салалық құрал болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы алқаптарының кеңістіктік орналасуы, ауданы, сапалық жағдайы және нақты пайдаланылуы туралы ақпаратты қамтып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы өзекті және сенімді деректерді ұсынады. 

Ауыл шаруашылығы карталарының ерекшелігі - олардың фотографиялық негізі бар және ауыл шаруашылығы алқаптары мен оларды шаруашылықта пайдалану карталардың негізгі мазмұнын құрайды, яғни карталарда ауыл шаруашылығы алқаптарының: егістіктер, жайылымдар, шабындықтар, екпелер, тыңайған жерлер және т.б. контуры, сондай-ақ олардың сапалық сипаттамалары: сортаңдығы, батпақтығы, малтатаспен, құммен, тастармен ластануы, бұта, қамыс басуы және т.б. жан-жақты көрсетіледі.

Бұдан басқа, карталарда суару желісі:  суландыру құрылыстары, су құбырлары, арналар, науалар және олардың жай-күйі (пайдалануға жарамды және жарамсыз, реконструкциялауды қажет етеді), шахталық және құбырлы құдықтар (көмілген және құрғақ), ашық су көздері (бұлақтар, тоғандар, каналдар және т.б.) бар жер алаптары нақты көрсетілген. 

Картада ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер: өнеркәсіп, көлік, байланыс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман және су қоры жерлері, мал қорымдары, зираттар және т.б. көрсетіледі.

Мемлекеттік және облыстық шекаралардан басқа картада аудандардың, ауылдық округтердің шекаралары көрсетілген.

Басқа бірде-бір карта мұндай ақпаратты қамтымайды. 

Топырақты зерттеу және картаға түсіру үшін ақпарат көзі ретінде фотографиялық жоспарлардың аса құнды, мұнда су мен жел эрозиясының көріну аймақтарын, ылғалдану дәрежесін, топырақтың сортаңдығын реңкі мен түсіне қарай анықтауға болады.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы карталары пайдаланылмайтын жерлерді анықтауға және оларды мемлекеттік меншікке қайтаруға, бос жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөнінде шаралар қабылдауға ықпал етеді. 

Мұндай карталарды жасау картаның масштабын ескере отырып, аэроғарыштық түсірілімдердің немесе ортофотожоспарлардың тақырыптық шифрларын ашу негізінде жүзеге асырылады. Топографиялық және ауыл шаруашылығы карталарының элементтерін біріктіретін бірыңғай шартты белгілер жүйесі олардың тақырыптық мазмұнын, мақсатын, сондай-ақ картаға түсірілетін объектілердің сапалық және сандық сипаттамаларын анықтайды.

Осылайша, ауыл шаруашылығы карталары ауыл шаруашылығы алқаптарын бөлудің географиялық заңдылықтарын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар ауыл шаруашылығы туралы біртұтас түсінік береді. Олар:

- кеңістіктік орналасуы, ауданы, алқаптардың сапалы жай-күйі және нақты пайдаланылуы туралы ақпаратты қоса алғанда, МЖК ААЖ деректер базасын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы өзекті және сенімді мәліметтермен қалыптастыру; 

- фотобейнелеу топырақ айырмашылықтарын, эрозияға ұшыраған топырақ контурларын жақсы  ажыратуға, аумақты эрозиялық аудандастыруға, эрозиялық процестердің сипаты мен жылдамдығын анықтауға мүмкіндік беретіндіктен, топырақтық және геоботаникалық зерттеулер жүргізу; 

- жер учаскелері үшін төлемақының базалық мөлшерлемелеріне түзету коэффициенттерін айқындау: алқаптардың түрлері бойынша жер учаскесінің жай-күйі, оның сапалық жай-күйі, сондай-ақ жердің жай-күйі (ластануы, бұта басуы, ормандануы, тастылығы), орналасқан жері, сумен қамтамасыз етілуі, мелиоративтік жай-күйі (суару жүйесі, су көздері және т. б.), қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығы, жер бетінің еңісі;

 - топырақ-мелиорациялық жай-күйі оларды басқа алқап түрлеріне ауыстыруды талап ететін ауыл шаруашылығы алқаптарының бар-жоғы белгіленетін ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түріне ауыстыру, мәселен: суармалы жерлерді суарылмайтын жерлерге ауыстыру кезінде суару көзімен байланыстың жоғалуы, сумен қамтамасыз етілмеуі, шаруашылықішілік суару жүйелерінің техникалық жай-күйі, ал көлтабандап суарылатын жерлер үшін - ағынды қайта бөлу немесе су ресурстарының болмауы салдарынан су басуды тоқтату, құрылыстардың техникалық жай-күйі ескеріледі;

- оларды түбегейлі және үстіртін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуді қажет ететін ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтау; 

- сумен жабдықтау көздерін анықтау және тағы басқалар; 

- тозған және пайдаланылмайтын жерлерді анықтау;

- жерге орналастыру және жердің пайдаланылуына бақылау жүргізу;

- жерді нақты пайдалануға сәйкес жер балансын жасау; 

- жерді түгендеу және мониторинг жүргізу.

Басқаша айтқанда, цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жер ресурстарын тиімді басқаруда шешуші рөл атқарады.