GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
16 октября 2026
Астана прокуратурасының нұсқамасы ірі инвестордың мүлкіндегі ауыртпалықты алып тастауға көмектесті

Астана прокуратурасы ірі инвестициялық жобаны іске асырып жатқан «Orbis Heavy Machinery» ЖШС-ның құқықғын қорғады. Компания KIA техникасын құрастыратын зауыт салады. 

Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 1,3 млрд теңге.

Инвестор міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында сатып алған өндірістік ғимаратын кепілге берген. Қаржылық міндеттемелерін мерзімінен бұрын толық орындағанына қарамастан, жылжымайтын мүліктегі ауыртпалық уақытылы алынбаған.

Сақталған кепіл жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру үшін қажетті банктік қаржыландыруды тартуға кедергі келтірді және зауыттың одан әрі құрылысын тоқтату қаупін тудырды.

Инвестордың құқығын қорғау мақсатында елорда прокуратурасы заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізді. Нәтижесінде прокуратураның талаптары толық орындалып, инвестордың жылжымайтын мүлкіндегі ауыртпалық төрт жұмыс күні ішінде алынды.

Бұл инвесторға қарыз қаражатын тартуды жалғастырып, зауыт құрылысының екінші кезегін іске асыруға кірісуге мүмкіндік берді.

Еске саламыз, кәсіпкерлер мен инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында прокуратураның мобильді тобы жұмыс істейді. Байланыс деректері: 8-747-216-15-58 және 115 Call-орталығы.

14 октября 2026
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті шетелдік инвестордың құқығын қорғап, банктегі шоттарының бұғатталуын алып тастады

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне елімізде бірқатар инвестициялық жобаны, соның ішінде Алматы облысында құны 120 млрд теңгеден асатын, 400-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін ірі мал шаруашылығы кешенін жүзеге асырып жатқан шетелдік Axis Holding Ltd компаниясының басшысы жүгінді.

Инвестордың Комитетке компанияның банктегі шоттарының «Антифрод-орталық» ақпараттық жүйесіне инвестор туралы мәліметтер енгізілгеннен кейін бұғатталғанын айтып жүгінді.

Комитеттің тапсырмасы бойынша Қостанай облысының прокуратурасымен бірлесіп шектеу шараларын қолданудың заңдылығына тексеру жүргізілді. Материалдарды зерделеу барысында инвестордың ешқандай тергеліп жатқан алаяқтық қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, шоттардың бұғатталуы инвестициялық жобаларды іске асыруға және компанияның шаруашылық қызметін жүргізуіне елеулі кедергі келтіргені белгілі болды.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстық қудалау органдары жол берген бұзушылықтарды жойды. «Антифрод-орталық» жүйесіндегі инвестордың мәртебесі қайта қаралып, банктік шоттарына қойылған шектеулер толық алынды. Комитеттің жедел араласуы инвестордың құқықтарын сот талқылауынсыз қалпына келтіруге, инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыру тәуекелдерін болдырмауға және компания қызметінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді», – деді Комитеттің прокуроры Динара Нұрсұлтанова.

Axis Holding Ltd компаниясының басшысы Василий Филимонов Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен прокуратура органдарына жағдайды жедел әрі объективті қарастырғаны үшін алғысын білдірді.

«Шетелдік инвестор үшін қиын жағдайда жалғыз қалмайтынын білу аса маңызды. Біздің жағдайымыз Қазақстанда инвесторларды қорғаудың қолданыстағы тетіктері шынымен жұмыс істейтінін көрсетті. Сондықтан басқа шетелдік инвесторларға айтарым: Қазақстанға инвестиция салудан және жобаларды іске асырудан қорықпау керек. Күрделі мәселелер туындаған жағдайда мемлекеттік институттар бизнестің мәселесін тыңдап, жағдайды объективті түрде зерделеп, бұзылған құқықтарды қалпына келтіре алады. Біз өз тарапымыздан жобаларымызды іске асыруды жалғастырамыз және олардың ұзақ мерзімді дамуын Қазақстанмен байланыстырамыз», – деді Василий Филимонов.

Комитет қылмыстық-процестік іс-шараларды жүргізу заңды кәсіпкерлік қызметке негізсіз шектеу қоюға әкеп соқпауы тиіс екенін еске салады. Инвесторлар қылмыстық процеске заңсыз тартылған немесе олардың құқықтары өзге де жолмен бұзылған жағдайда, Комитет өтініштерді жедел қарап, бизнестің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

12 октября 2026
Комитет төрағасы Бауыржан Ералы инвесторларды қабылдады

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы инвестициялық жобаларды іске асыру және бизнестің құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты өтініштерді қарау мақсатында инвесторларды жеке қабылдады.

Қабылдау барысында туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне назар аударылды.

Әрбір өтініш бойынша мән-жайлар зерделеніп, көтерілген мәселелерді қараудың келесі қадамдары айқындалды. Құзыреті шегінде жұмысқа тиісті құрылымдық бөлімшелер мен уәкілетті органдар тартылады.

Инвесторларды қабылдау – Комитеттің бизнеспен тікелей байланыс орнату құралдарының бірі. Бұл формат кәсіпкерлер кездесетін кедергілер туралы ақпаратты жедел алуға, өтініштердің құқықтық негіздерін бағалауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша жұмысты үйлестіруге мүмкіндік береді.

Комитет инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

Инвесторлар өз құқықтарын қорғауға жәрдем алу үшін 115 бірыңғай Call-орталығына жүгіне алады.

12 октября 2026
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен ЭЫДҰ инвестицияларды қорғаудың халықаралық тәсілдерін талқылады

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) делегациясымен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанның инвестициялық ахуалын жетілдіру, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттары және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Кездесуде ЭЫДҰ өкілдері Комитеттің қызметімен, негізгі міндеттерімен және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерімен танысты. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, заң бұзушылықтардың алдын алу және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері қаралды.

Сондай-ақ болжамды құқықтық орта қалыптастырудың, мемлекеттік басқару сапасын арттырудың және инвестициялық саясатты дамытудың халықаралық тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Комитет төрағасы Бауыржан Ералы халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасудың және инвесторлардың сенімін нығайтуға, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған озық тәжірибелерді қолданудың маңызын атап өтті.

ЭЫДҰ стандарттары мен ұсынымдары инвестициялық саясатты дамытуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және қолайлы іскерлік орта қалыптастыруға бағыт береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары жөнінде пікір алмасты. ЭЫДҰ-мен диалог халықаралық тәжірибені зерделеуге және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.

07 октября 2026
Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Қытай Халық Республикасынан келген инвесторға Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін таныстырды

Бас Прокурордың бірінші орынбасары ЖандосӨмірәлиев «AnchorX» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тяньши Ванға (Tianshi Wang) Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесін таныстырды.

Кездесуде инвесторлардың құқықтарын қорғау және бизнес жүргізу үшін болжамды жағдайлар қалыптастыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді.

Сондай-ақ кездесуге Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы және өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан қатысты.

Жандос Өмірәлиев инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы прокуратура органдарының рөлі, бизнеспен өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері, сондай-ақ инвестициялық қызмет үшін заңдылық пен болжамдылықты қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.

Инвестициялық омбудсменнің жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмысына, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің және инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қоюдың жаңа құралдарына ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек тараптар инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері мен Қазақстан мен ҚХР арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастырып, олардың өтініштерін жедел қарауды және заңнама шеңберінде құқығын қорғауды қамтамасыз етеді.

01 октября 2026
Азамат Дүйсембеков Орталық Азия заң форумында инвесторларды қорғаудың жаңа тетіктерін таныстырды

Алматыда Lincoln Company компаниясы TKS Disputes-пен бірлесіп ұйымдастырған 16-шы жыл сайынғы Орталық Азия заң форумы өтті. Шараға заң қоғамдастығының, бизнес өкілдері, инвестициялық компаниялар мен сараптамалық ұйымдардың 500-ден астам өкілі қатысты.

Форум кәсіби тәжірибе алмасу және инвесторлардың құқығын қорғау, бизнесті сүйемелдеу және дауларды шешуді қоса алғанда, заң практикасының өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков форум қатысушыларына Комитеттің қызметі және инвесторлардың құқығын қорғаудың жаңа тетіктері туралы баяндады.

Ол бизнес жүргізу шарттарының болжамдылығы мен мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығына ерекше тоқталды. Азамат Дүйсембековтің айтуынша, инвестор үшін капитал салу мүмкіндіктері ғана емес, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде өз құқықтарының қорғалатынына деген сенім де маңызды.

«Қазақстанға келген инвестор өзінің жобасына тек қолдау көрсетіліп қана қоймай, оны іске асырудың барлық кезеңінде қорғалатынын түсінуі біз үшін аса маңызды. Комитет жұмысының негізгі бағдарлары – заңдылық, жеделдік және түпкілікті нәтиже», – деді Азамат Дүйсембеков.

Комитет төрағасының орынбасары компаниялардың қызметін сүйемелдейтін және инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын құқықтық мәселелермен тікелей жұмыс істейтін заң қоғамдастығымен ашық диалогтың маңыздылығын да атап өтті.

Комитеттің мұндай кәсіби іс-шараларға қатысуы бизнестен және заң қоғамдастығынан кері байланыс алуға, инвесторлардың құқығын қорғаудың қолданыстағы тетіктерін түсіндіруге және тәжірибе барысында туындайтын мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

01 октября 2026
Алматы прокуроры Серік Кәріпбеков индустриялдық аймақ инвесторларымен кездесті

Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков қаланың индустриялық аймағында қызметін жүзеге асырып жатқан инвесторлармен көшпелі кездесу өткізді.

Бүгінде индустриялық аймақта экономиканың басым бағыттары бойынша жалпы сомасы 965 млрд теңгеден асатын жобаларды іске асырып жатқан 162 инвестор жұмыс істейді. Жобаларды жүзеге асыру аясында шамамен 24 мың жұмыс орны құрылған.

Кездесу барысында инвесторлар инфрақұрылым, әкімшілік рәсімдер және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін тікелей көтерді.

Серік Кәріпбеков кәсіпкерлердің өтініштерін егжей-тегжейлі тыңдап, инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешу қажеттігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Инвесторлардың барлық өтініштері прокуратураның бақылауына алынды.

Басты міндет – бизнеспен ашық диалог орнатып, инвесторлар алдында туындайтын құқықтық және әкімшілік кедергілерді уақтылы жою.

01 октября 2026
Жамбыл облысында прокуратураның араласуынан кейін инвестор үшін 3 жер учаскесіне қатысты шарт жасалды

Талас ауданында прокуратура «Beskuduk Tas» ЖШС инвесторына жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын рәсімдеуге көмектесті.

Инвестициялық жобаны іске асыру барысында компания жер қатынастарын рәсімдеу мерзімінің созылуына тап болған.

2026 жылғы 25 тамызда «Beskuduk Tas» ЖШС Талас ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы өтінішпен жүгінген.

Алайда инвестордың өтініші негізсіз түрде облыстық басқармаға жолданған. Кейін онда өтінішпен қайтадан аудандық бөлімге жүгіну қажеттігі түсіндірілген. Соның салдарынан жер қатынастарын рәсімдеу созылып кеткен.

Талас ауданының прокуратурасы инвестициялық басым жобаларды іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында заң бұзушылықтарды анықтап, прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Оны қарау нәтижесінде инвесторға тиісті жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 3 шарт жасалды.

Сонымен қатар жер қатынастары бөлімінің кінәлі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осылайша, прокуратураның араласуы әкімшілік кедергіні жоюға және инвестордың қажетті жер құқықтарын рәсімдеуіне мүмкіндік берді.

Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (775) 891-25-52 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.

29 сентября 2026
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мектептер мен балабақша құрылысы жобаларын іске асырып жатқан инвестордың мәселелерін жұмысқа алды

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы білім беру нысандарын салу саласында инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан «Harmony Global School» ЖШС өкілін қабылдады.

Кездесу барысында инвестор жобаларды іске асыру кезінде туындаған мәселелерді айтып, олардың әрі қарай жүзеге асырылуына әсер етуі мүмкін нақты кедергілерді атап өтті.

Қабылдау қорытындысы бойынша Комитет айтылған мәселелерді жұмысқа алды. Комитеттің қатысуын талап ететін бағыттар айқындалып, туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесу бойынша одан әрі шаралар белгіленді.

29 сентября 2026
Комитетте Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановпен кездесу өткізді.

Кездесуде қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету және электр энергетикасы саласында инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Талғат Темірханов Қауымдастықтың Комитетпен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, Қауымдастық Комитетпен бірлесіп ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындауы мүмкін ықтимал кедергілер туралы ақпаратты, оның ішінде Нарық кеңесі ұсынған жобалар бойынша талдауды жоспарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екенін растап, инвестициялық жобаларды қолдауға және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаласты.

Социальные сети
Меню подвал
Қазақстан Республикасының Конституциясы
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заң