160 млрд теңге инвестиция қорғалды: инвесторға жабдықты кедендік рәсімдеу мәселесін шешуге көмектесті

160 млрд теңге инвестиция қорғалды: инвесторға жабдықты кедендік рәсімдеу мәселесін шешуге көмектесті

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатқан инвесторға қолдау көрсетті.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 160 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жобаны іске асыру барысында инвестор Еуропадан сатып алынған қымбат жабдықты кедендік рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болды. Құжаттардағы сәйкессіздіктерге байланысты жүк уақытша сақтау қоймасында бір айдан аса тұрған. Бұл инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдеріне қауіп төндіріп, жобаны тежеген.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша инвестициялық прокурордың жәрдемімен тауарға ілеспе құжаттар заңнама талаптарына сәйкестендірілді. Нәтижесінде кедендік рәсімдеу аяқталып, жабдық қоймадан шығарылып, инвесторға жеткізілді. Қазір жобаны іске асыру жоспарлы түрде жалғасып жатыр.

Инвесторлардың құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді жедел жою Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.

Комитет әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.