Бүгін Бескөл ауылындағы Пробация үйінде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен кезекті кездесу өтті. Іс-шараға Мансап орталығының, Отбасын қолдау орталығының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сондай-ақ полиция өкілдері қатысты.
Кездесу барысында азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттік қызметтерді алу және әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әрбір қатысушы өзін қызықтырған сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Отбасын қолдау орталығының психологы Айбаршын Құдайбергенова «Өмір ағашы» атты тренинг өткізді.
Тренингтің мақсаты – қатысушылардың өзін-өзі тануын дамыту, өмірлік құндылықтарын, мықты тұстарын, жетістіктері мен қолдау ресурстарын түсінуге ықпал ету. Тренинг барысында қатысушылар болашақ мақсаттарын айқындап, жеке ресурстарын нығайтып, өзіне деген сенімділігін арттырды, позитивті ойлау қабілетін дамытып, өз өміріне деген жауапкершілік сезімін қалыптастырды.
Іс-шара сындарлы әрі жағымды атмосферада өтіп, қатысушылардың әлеуметтік бейімделуі мен қолдау көрсетуге бағытталды.