«ЖАҢА ӨМІРГЕ ҚАДАМ: ЖАУАПКЕРШІЛІК, ЗАҢ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТРЕНИНГ ӨТТІ
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Отбасын қолдау орталығының психологы Худайбергенова Айбаршын Анарбаевна пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған «Жаңа өмірге қадам: жауапкершілік, заң және болашақ» атты арнайы тренинг өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты — пробация есебінде тұрған азаматтардың құқықтық санасын арттыру, әлеуметтік жауапкершілігін күшейту, өмірлік құндылықтарын қайта бағамдауға көмектесу және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.
Тренинг барысында қатысушылармен психологиялық жұмыс жүргізіліп, жауапкершілік, заңға бағыну, жеке таңдау мен оның салдары, сондай-ақ болашақты жоспарлау тақырыптары талқыланды. Азаматтар өз ойларымен бөлісіп, өмірлік қиындықтарды еңсерудің жолдары туралы пікір алмасты.
Психолог Айбаршын Анарбаевна қатысушыларға өзін-өзі дамыту, эмоцияны басқару, стресспен күресу және дұрыс шешім қабылдау дағдылары бойынша пайдалы кеңестер берді. Сонымен қатар, пробациядағы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған жеке және топтық жұмыс әдістері қолданылды.
Іс-шара соңында қатысушылар тренингтің пайдалы болғанын атап өтіп, осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қолдайтындарын жеткізді.
Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да пробация есебінде тұрған азаматтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, олардың өмір жолында дұрыс бағыт алуына қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.