Бүгін Шымкент қаласында IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор, бизнес өкілдері жиналған халықаралық іс-шарада Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосқан «Aksa Energy Qyzylorda» және «Fabe agro» серіктестіктері марапатталды.
Форумда инвестициялық әлеуетті, экономиканы дамытудың басым міндеттеріне назар аударылды. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайыз өсіп, 300 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына жарты триллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған.
Инвестициялық саясаттың негізгі бағыты – озық технологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу және шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру. Сонымен қатар өңдеу және химия өнеркәсібін, тамақ өндірісін, машина жасау саласын, агроөнеркәсіп кешені мен агроөңдеуді дамытуға, IT инфрақұрылымды жетілдіруге, жоғары технологиялық қалалар салуға басымдық беріліп отыр.
Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында «Aksa Energy Qyzylorda» жылу электр орталығы мен «Fabe agro» заманауи жылыжай кешені бар.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында құрылысына 215 млрд теңге инвестиция салынған жаңа жылу электр орталығы пайдалануға берілді. Орталық 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Қаланың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындар мен кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Ал «Fabe agro» серіктестігінің заманауи жылыжай кешені жобасы агроөнеркәсіп саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және су, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Жергілікті тұрғындарды жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніспен қамтуға, баға тұрақтылығын сақтауға және отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.
KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжат рәсімделді. Олардың қатарында инвестициялар туралы келісімдер мен меморандумдар бар.
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен Apex Packaging бас директоры Аңсар Мұқашев сомасы $8,8 млн болатын полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаны «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарлануда.
Зауыт іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны құрылады, жылына 25 млн дана қапшық пен 1,5 млн дана биг-бэг өндіріледі.
Республика күніне орай биыл елімізде өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына Қызылорда облысы бойынша жалпы 31 сауда нысаны қатысуда. Акциялар аясында сауда нысандарында азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына 5-50 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған.
Акциялар аясында тұрғындарға тиімді сауда жасауға мүмкіндік берумен қатар, мерекелік көңіл-күй сыйлауға да ерекше мән беріліп, сауда орындарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен тауар өндірушілердің көрмелері өткізілуде.
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Aray City Mall» сауда ойын-сауық орталығында «Анаға тағзым» орталығының қолөнер шеберлері мен түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтті.
Облыс орталығындағы «Aray City Mall» сауда ойын-сауық орталығында облыстық филармония ұжымының, сондай-ақ «Қызылорда Оптомаркет» сауда желісі және Қазалы ауданындағы «Марлен» сауда орталығында жергілікті өнерпаздардың мерекелік концерті ұйымдастырылды.
Қармақшы ауданындағы «Адина» және Арал ауданындағы «Сымбат» сауда үйлерінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, мектеп оқушыларының қолөнер туындылары таныстырылды.
«Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары халықтың қажетті тауарларға қолжетімділігін арттыруға, отандық өнімдерге сұранысты қолдауға және ішкі сауданы дамытуға ықпал етуде.
Акциялар аясындағы жеңілдіктер мен мерекелік іс-шаралар облыс көлемінде 27 қазанды қоса алғанға дейін жалғасады.
Республика күні қарсаңындағы тағы бір маңызды іс-шара – Қызылордада «Terra Green» ЖШС заманауи жылыжай кешені құрылысының басталу рәсімі. Оған қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, «Terra Green» компаниясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларына серіктестік құрылтайшысы Фатих Будан жобаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін таныстырды.
Аймақ басшысы өңірде агроөнеркәсіп саласын дамытудың артықшылықтарына тоқталып, жаңа жылыжай кешені құрылысының басталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде агроөнеркәсіп саласына баса мән беруді тапсырған болатын. Өздеріңізге белгілі, агроөнеркәсіп кешені – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі.
Еліміздегі күріш пен ас тұзының 90 пайыздан астамы Қызылорда облысында өндіріліп, алыс-жақын шет мемлекеттерге кеңінен экспортталуда.
Осы тұста тұрғындарды сапалы көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту өте маңызды.
Бүгін құрылысы басталатын жылыжай кешені тұрғындарымыздың маусымаралық кезеңдегі қажеттілігін толық қамтуға және өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға серпін береді. Ең бастысы, жүздеген отбасы үшін тұрақты табыс, жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада Мустафа Капуджу, облыс прокурорының міндетін атқарушы – инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы батасын берді.
«Terra Green» заманауи жылыжай кешені – агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ саланы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Жылыжай кешені іске қосылғанда тұрғындар жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніске қол жеткізеді. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Республика күні қарсаңында Қызылордада «Orda Power» ЖШС күн электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, «Orda Power» компаниясының бас директоры Гультекин Йигит, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірдің энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, жаңа станцияның маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің энергетика саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы іске қосылды. Бұл ретте Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаражаты есебінен ең ауқымды жобаның бірін жүзеге асырған түркиялық «Aksa Energy» компаниясының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаңа жылу электр орталығы облыс тұрғындарын электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге және бір бөлігін өзге аймақтарға жеткізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі энергетика инфрақұрылымын дамыту және тапшылықтың алдын алу мақсатында 1,5 трлн теңгеге қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу газ қондырғысын жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Бұл орайда Қызылорда облысы инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келеді.
Баршаңызды күн электр станциясы құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа станция белгіленген мерзімде іске қосылып, ел игілігіне қызмет етсін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Мустафа Капуджу, Гультекин Йигит, облыс прокурорының міндетін атқарушы – инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Биғали Қаюпов сөз сөйледі.
Құрылысы басталған жобаның басты ерекшелігі – энергия жинақтау жүйесімен жабдықталуында. Бұл – өңіріміздегі жинақтау жүйесі бар алғашқы күн электр станциясы. Алдағы уақытта қуаттылығын 50 мегаватқа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, аймақта жалпы қуаттылығы 151 мегават болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Енді 225 мегаваттан асатын 7 күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде Арал және Жаңақорған аудандарында қуаттылығы 30 мегаваттық екі күн электр станциясының құрылысы басталды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Онда «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарланған инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы талқыланды.
Биылғы 9 айда облыс экономикасына 581 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайыздық өсім қалыптасты. Жеке инвестиция үлесі 82 пайызға жетті.
Аймақ басшысы инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Әрбір инвестициялық жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан бірлескен жұмысты жеделдетіп, нәтижелі іске басымдық беруіміз қажет. Облыс әкімдігі барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын.
Жобаларды бастапқы кезеңнен өндіріс іске қосылып, өнім шығарғанға дейін қатаң бақылауда ұстау қажет. Әрбір инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіліп, туындаған мәселелер зерделеніп, заң аясында шешілуі тиіс.
Біздің басты мақсатымыз – инвестиция көлемін ұлғайту ғана емес, өңір экономикасының ұзақ мерзімді өсіміне негізделген сапалы жобаларды жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында инвесторлардың құқықтарын қорғауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы инвестициялық омбудсмен, Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Нұрболат Дүйсенбаев баяндама жасады.
Сондай-ақ жоба бастамашылары ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Үкімет қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға салық преференциялары, 2049 жылға дейін дайын жер учаскелерін тегін пайдалану және кедендік баждардан босату жеңілдіктері қарастырылған.
Қазіргі таңда 200 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым тарту басталды. Бүгінде өңірге 6 инвестор өз жобаларын орналастыруды жоспарлап отыр.
Қызылордада көрнекті театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдығына орай Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалінің шымылдығы түрілді.
Өнер мерекесі дәстүрлі қызыл кілем шеруімен басталды. Салтанатты шараға қазылар алқасының мүшелері, құрметті қонақтар, театр қайраткерлері мен республиканың әр өңірінен келген шығармашылық ұжымдар қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай құттықтау сөз сөйлеп, қазақ театртану ғылымының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан профессор Бағыбек Құндақбаевтың еңбегіне тоқталды.
Сондай-ақ, Гүлжамила және Күлипа Бағыбекқызына қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетілді.
Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздар мен театр артистерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Экспозицияға Бағыбек Құндақбаевтың өмірі мен ғылыми-шығармашылық жолын танытатын фотосуреттері, еңбектері және қазақ театртану ғылымына қосқан үлесін айғақтайтын құнды материалдар қойылды.
Алты күнге созылатын өнер додасына еліміздің әр өңірінен іріктелген 10 театр ұжымы қатысады. Үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, шығармашылық ізденістерін танытады.
Сыр өңірінде басталған республикалық театр фестивалі – ұлттық сахна өнерінің дамуына серпін беріп, шығармашылық байланыстарды нығайтатын маңызды мәдени алаң. Қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі Бағыбек Құндақбаевтың рухани мұрасын ұлықтауға арналған бұл өнер мерекесі ұлттық театрдың бай дәстүрі мен бүгінгі жетістіктерін сабақтастырып, көрерменге тағылымды қойылымдар мен жарқын әсер сыйламақ.
«Құзыреттілік орталығында» Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким, Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің барлық өңірінен келген 100 волонтер, 500-ден астам белсенді студент пен ерікті жастар қатысты.
Данияр Жаналинов басқосудың Сыр өңірінде өтуі және апталықтың «GREEN ARAL» деп аталуы айрықша мәнге ие екенін айтты.
«Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Арал өңірінің тағдырына ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейтін маңызды бастама. Арал мәселесі еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарында. Табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық түйткілдердің шешіміне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Сыр еліне келген сапарларыңыз сәтті, жүздесулеріңіз мазмұнды, бастамаларыңыз нәтижелі болсын!», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Сондай-ақ, жиында Тоғжан Зейденова, Вера Ким сөз сөйлеп, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.
Қоғамдық жұмысты белсенді атқарып жүрген азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, апталықтың негізгі іс-шаралары Арал ауданында өтеді.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге өңірдегі жол инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Мемлекет басшысы тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап беріп, тоғыз жолдың торабында тұрған еліміздің өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыттардың стратегиялық мәні айрықша екенін айтқан болатын.
Алдымен Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын қайта жаңғырту барысы таныстырылды. Бас мердігер «Қыран» серіктестігі қазіргі уақытта жол негізін төсеу, асфальтбетон қабаттарын салу және темірбетон су өткізу құбырларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Жобаға 46,4 млрд теңге бөлінген, 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының учаскесін қайта жаңғыртуға 242,3 млрд теңге қарастырылған. «Integra Construction KZ» ЖШС құрылысқа 131 жұмысшы мен 82 техниканы жұмылдырған. Қазіргі уақытта жол бойында топырақтың құнарлы қабаты алынып, жер төсемі төселуде. Сонымен қатар жобалық шешімдер әзірленіп, инженерлік-геодезиялық зерттеулер атқарылуда.
«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртудың ағымдағы жағдайы да назардан тыс қалмады. Жалпы 182,2 шақырым жолға 191,5 млрд теңге бөлінген. Құрылыс учаскелерінде 112 жұмысшы, 90 техника топырақ қабатын алу, төсеу жұмыстарына кіріскен. Нысан 4 учаскеге бөлінген.
Топографиялық-геодезиялық зерттеулер, топырақ карьерлерін барлау жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта топырақ үлгілеріне зертханалық талдау жасалып, трассаның, жол қозғалысы қауіпсіздігі нысандарының жобалық құжаттамасы әзірленуде.
«Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 752,5 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында жұмыспен қамтылған 452 адам құрылыс учаскелерінде еңбек етуде.
Аталған жобалардың басты ерекшелігі – құрылыс кезінде көліктер бұрынғы жолмен жүреді. Жаңа жол толық салынып біткен соң көлік қозғалысы соған ауыстырылып, қолданыстағы жол қайта жаңғыртылады. Осылайша нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бағдарлар еліміздің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктерін еселеп арттыратынын атап өтті. Жол сапасына қатысты айтылған өткір сыннан нәтиже шығару керек. Сондықтан бірінші кезекте жұмыстың сапасына жете мән беру қажет. Сапалы, барлық талапқа сай жол ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Бұл стратегиялық маңызы зор нысандар Президентіміздің, Үкімет басшысының бақылауында», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы артып, ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін береді, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Бүгінде қалада бірнеше медициналық мекеменің жаңа ғимараты салынып жатыр. Соның бірі – онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана. Ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар медициналық кешенқұрылысына республикалық бюджеттен, жұмысты аяқтау үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 48 мың шаршы метрге жуық. Он блоктан тұрады:қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдерімен қатар, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады.
Қазір іші әрленіп, инженерлік желілері тартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Құрылыстың 85 пайызы біткен.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысын да көріп шықты. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысанды салуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желілер тарту жұмыстары қарқын алған. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтар жеткізіліп орнатылады да, жыл соңындапайдалануға беріледі.
200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыс алаңы қоршалып, жер қазу, іргетас құю және арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 52,8 млрд теңге бөлінген, үш қабатты, 39,1 мың шаршы метр ғимарат 10 блоктан тұрады. Зертханалық және тамақтану бөлімдері де қарастырылған. Нысанды 2028 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінде «Қызылорда Арена» спорт кешенінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Кешен 2 552 көрерменге арналған, 3-4 қабатты блоктардан тұрады. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ 300 орындық конференц-зал бар. Осы кезде ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған. Құрылысқа 12,9 млрд теңге қарастырылған. Ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Жаяу жүргіншілерге де, велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалады.
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен 19 қазан – Құтқарушы күніне орай салтанатты жиын өтті.
Президент төтенше жағдай саласы қызметшілерінің еңбегін ерекше бағалап, қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
Салтанатты жиында кәсіби міндетін адал атқарып жүрген сырбойылық азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласының төтенше жағдайлар басқармасына қарасты № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов «Ерлігі үшін» медалімен, Қызылорда облысындағы «Оңталап» шаруа қожалығының директоры Әбдіхамит Аралбаев «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өрт сөндіру бекетін салуға демеушілік көрсеткені үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.