2019 жылы «Білім беру», «Денсаулық сақтау», «Көлік», «Қауіпсіздік», «ТКШ», «Қалалық басқару», «Экология», «Ауыл шаруашылығы», «Әлеуметтік сала» сияқты 9 бағыт бойынша 29 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Оның ішінде:
- жергілікті бюджет есебінен – 19 жоба;
- мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында (одан әрі - МЖС) - 5 жоба;
- жеке инвестор қаражаты есебінен – 1 жоба;
- республикалық бюджет есебінен – 1 жоба;
- қаржыландыруды талап етпейтін – 3 жоба.
Бүгінгі таңға жоспарланған жобалардың 18-і толық аяқталды, 2 жоба аяқталу кезеңінде, қалған 9 жоба келесі жылдарға ауыспалы.
Жүзеге асырылған жобалар
Білім беру саласында колледжге түсуге үміткерлердің өтінімдерін қабылдау, онлайн-тестілеу тапсыру және техникалық, кәсіби білім беру ұйымдарында гранттарды бөлу процестері толығымен автоматтандырылды.
Сонымен қатар, жұмыс берушінің бос қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес іріктеп, тестілеуден өткізетін мұғалімдер мен қызметкерлер құрамын жұмысқа алу бойынша жүйе енгізілді. Бұл өз кезегінде кадр іріктеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмайды.
Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында жаңа Жастар ресурстық орталығы ашылып, онда IT парк жұмыс жасауда. Осында 2019 жылы республика бойынша бірінші болып облыс жастарына арналған веб-бағдарламалау негіздері бойынша IT-Эшелон тегін оқыту жобасы сәтті жүзеге асырылды. Оқуға 14 пен 35 жас аралығындағы 200-ден аса адам қатысты. Нәтижесінде белсенді қатысушылармен IT саласында 8 стартап жобалар жасалды.
IT парк базасында резиденттермен бағдарламалық өнімдер жасалып, оқу курстары ұйымдастырылуда, осы тұста айта кететіні, әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар үшін оқу тегін жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласында медициналық анықтамалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 медициналық анықтама (086/у, 083/у, 095/у және жұмысқа жарамсыздық парағы) автоматтандырылып, QR-код берілді. Анықтамалардың шынайылығын Дамумед мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Бұл жоба денсаулық сақтау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Көлік саласында бейнекамералармен және GPS-құрылғылармен жабдықталған қалалық жолаушылар көлігінде электронды билеттеу жүйесі жуық арада енгізілетін болады. Жобаны жүзеге асыру үлкен қаржы көлемін талап ететіндіктен МЖС аясында жүзеге асырылуда.
Аталған жобаны іске қосу барлық автобустардың қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндік беріп, өз кезегінде «Ақылды аялдамалар» жобасының жүзеге асырылуына жол ашпақ.
Қауіпсіздік саласында елімізде алғаш болып «112 - Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін» құру бойынша жобаны іске қостық. Жоба барлық жедел қызметтерді (101,102,103,112 қызметтері) «112» қысқа номеріне бір қоңырау шалу арқылы шақыруға, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және жедел қызметтердің өзара қарым-қатынасын реттеуге, сондай-ақ жедел қызметтердің ресурстарын тиімді пайлана отырып, әрекет ету уақытын қысқартуға бағытталған. Өткен жылдың барысында 15 аймақтың өкілдері аталған жобаны зерттеу және тәжірибе алмасу үшін өңірімізге келді. 2019 жылы жүйенің функционалы барлық аудан орталықтарына дейін кеңейтілді.
ТКШ саласында тұтынылатын және жеткізілетін коммуналдық қызметтерді мониторингілеу және бақылау шығындарын азайту, сонымен қатар ақпарат жинақтаушы мекеменің еңбек шығындарын азайту мақсатында тұрғын үй қоры мен ТКШ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесін ендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.Сондай-ақ, «Қызылорда Тазалығы» ЖШС көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары арасында «е-ПИК» бағдарламасына 300 үйді қосу жобасы жүзеге асырылды.
Қалалық басқару саласында тұрғындардын шұғыл емес сипаттағы бағыттар бойынша өтінімдерін өңдеу үшін «109-бірыңғай байланыс орталығы» қолданысқа енгізілді. Бұл абаттандыру,көркейту мәселелері, электрмен, жылумен, сумен жабдықтау қызметтері, ашық люктер мәселелері,қоғамдық көлік, ПИК қызметі және тағы басқалар.
Бұрын қала тұрғындарына бұл мәселелерді шешу 80-нен астам телефон нөмірлерін білу қажет еді. Ал қазір өтінімдер тек бір бірыңғай 109 нөмірі бойынша қабылданадып, автоматты турде тиісті ұйымдарға жіберіледі. «112» және «109» қызметтерінің тиімді жұмысын құру үшін Қызылорда облысының Цифрлық технологиялар басқармасына қарасты жанындағы «Жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Ауыл шаруашылығы саласында Ж.Жиенбаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин ҰЗИ мен «Акмая» шаруа қожалығы дәл егіншілік элементтерін қолдана отырып, бірлескен жобаны іске асырды. Нәтижесінде шаруа қожалығының өнімділігі 50%- ға артты.
Республика бойынша алғашқы болып «Мағжан және К» ЖШС базасында заманауи цифрлық күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Күріш өңдеу процесі толығымен автоматтандырылған және қалдықсыз өндіріс принципі бойынша жұмыс істейді.
Ж. Махамбетов ауылында испандық технология негізінде көкөніс өсіретін заманауи автоматтандырылған жоғары технологиялық жылыжай кешені іске қосылды. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында қызанақтың алғашқы өнімін жинау жоспарланып отыр.