Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы мен «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл екі жақты келісім сайлау процестеріне қатысушы мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай туғызады және сындарлы диалог орнатуға жол ашады. Жобаның мақсаты - мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын толық жүзеге асыруына жағдай жасау, олардың ақпаратқа, дауыс беру орындарына және сайлау рәсімдеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Меморандум аясында мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы арнайы азаматтық омбудсмен рөлін атқарады. Ол мүгедектігі бар сайлаушылардың құқықтарының сақталуына бақылау жүргізеді, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жинап, сайлау комиссиясына тікелей жеткізеді. «Тең мүмкіндік» — бұл тек сайлауға қатысу жобасы емес, қоғамдағы теңдік пен әділдіктің нақты көрінісі. Жоба азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, «ешкім тыс қалмайтын қоғам» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған. Айта кетейік, аймақта бүгінгі күні 178 892 жас сайлаушы бар. Олардың 76 112-і Қызылорда қаласында, 102 780-ы аудандарда. Өңірдегі барлық сайлаушылардың 36 пайызын – жастар құрайды.
