Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдарының 2025 жыл мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша есебі
Көрсетілетін қызметті беруші туралы мәліметтер
Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдарының құзырындағы мемлекеттік қызметтер 9 жергілікті атқарушы орган, 13 облыстық басқармалар және оларға ведомстволық бағынысты мекемелер (мансап орталықтары, емханалар, техникалық және кәсіби колледждер, орта және арнаулы мектептер, балабақшалар, спорт мектептері, ППМК, кеңес беру орталықтары, мемлекеттік орман иеленушілері, ветеринариялық станциялар, архивтер және т.б.), 35 қалалық/аудандық дербес бөлімдер және 146 кент және ауылдық округ әкімі аппараттарымен көрсетіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдары және оларға ведомстволық бағынысты мекемелермен 2025 жылы барлығы 195 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуі көзделген. Оның ішінде 16 мемлекеттік қызмет түрі бойынша қызмет көрсету қағидалары бекітілімеген.
Тізілімге сәйкес 164 мемлекеттік қызмет (баламалы/баламасыз түрде) электронды нысанда көрсетілуі тиіс. Дегенмен, 2025 жылы олардың 153-і электронды нысанда қолжетімді, 11 қызмет түрі қолжетімсіз болды.
195 мемлекеттік қызметтің ішінде 16 қызмет түрі ақылы түрде, 5 қызмет – ақылы/тегін түрде, 174 қызмет тегін түрде көрсетіледі.
2025 жылы облыстық жергілікті атқарушы органдарымен көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 5 696 317, оның ішінде:
- 68 176 қызмет (1,2%) - мемлекеттік мекемелер арқылы қағаз түрінде (о.і. баламасыз түрде қағаз түрінде көрсетілгені 42 042);
- 31 987 қызмет (0,6 %) - Мемлекеттік корпорация арқылы;
- 5 596 154 қызмет (98,2 %) - «электрондық үкімет» веб-порталы мен ақпараттық жүйелер арқылы электронды түрде көрсетілген.
Көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат
Есептік деректерге жүргізілген талдау облыс бойынша есепті жылы көрсетілген барлық қызметтердің 90%-ы денсаулық сақтау саласына тиесілі екенін көрсетті. Ата айтқанда, 2025 жылы денсаулық сақтау саласында 5 128 978 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Денсаулық сақтау саласындағы ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер «Дәрігердің қабылдауына жазылу» (2 804 024), «Азаматтардың жекелеген санаттарын дәрілік заттармен, мамандандырылған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету» (674 391), «Жедел жәрдем шақыру» (465 396) қызметтері бойынша.
Көрсетілетін қызметті алушылармен жұмыс
Барлық мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелер ғимараттарының көрнекі жерлерінде көрсетілетін қызметті алушыларға ыңғайлы түрде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер Қағидаларының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері мен өтініш үлгілері ілінген.
Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ЖАО құзырындағы мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттар жарияланып отырады.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарындағы «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімдерінде мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі мемлекеттік органның қызметі туралы жыл сайынғы есептер, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің нәтижелері, мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесіне шағымдану тәртібі туралы ақпарат орналастырылған.
Қызмет көрсетуші мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына ыңғайлы пандустар мен арнайы түстегі жолақтар орнатылып, қоңырау шалу мүмкіндіктері қарастырылған.
Мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталып өткізілген іс-шаралар саны - 428 (оның ішінде 232 мақала, 8 семинар, 178 түсіндірме жұмыстар, 6 бейнеролик, 4 қоғамдық кеңес отырыстары).
Электронды қызметтерді насихаттау үшін елді мекендерде 64 билборд/баннер орнатылды. Электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін барлық жергілікті атқарушы органдарда, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарында, колледждерде, мектептерде және медициналық мекемелерде 950 «egov.kz бұрышы» жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру жөніндегі қызмет
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мақсатында ЖАО-ның 56 қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша біліктілік арттыру курстарында оқып, біліктіліктерін арттырды.
Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін жетілдіру, оңтайландыру және нормативтік құқықтық актілердегі сәйкессіздіктерді жою мақсатында орталық мемлекеттік органдарға барлығы 18 ұсыныс енгізілді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау
Мемлекеттік қызмет көрcету сапасына түскен арыз-шағым саны – 11.
Арыз-шағымдардың барлығы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне түскен.
11 шағымның ішінде 9-ы жер қатынастары саласында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына қатысты түскен болса, 2-уі құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтерге қатысты түскен шағымдар.
Жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесімен 6 жауапты орындаушыларға «ескерту», «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылған.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жүктемесі, ішкі мемлекеттік бақылау, сыртқы бақылау шаралары нәтижелерімен 2445 мерзім бұзушылық фактілері анықталды (2024 ж. - 94).
Мерзім бұзу фактілерінің ішінде ең көп мерзім бұзушылықтар - 2383 факті, яғни 97,5% білім саласында жіберілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 78 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларына сәйкес бекітілген жоспарға сәйкес бақылау объектілерінде ішкі мемлекеттік бақылау шаралары жүргізілуі тиіс.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын ішкі мемлекеттік бақылау және мониторингілеу жөніндегі функциялар облыс әкімі аппараты, Қызылорда қаласы мен аудан әкімі аппараттарындағы тиісті құрылымдық бөлімдермен және ведомстволық бағынысты мекемелері бар 7 облыстық басқармалармен жүргізіледі.
Осылайша 2025 жылы облыс бойынша барлығы 149 қызмет көрсетуші мекемелерге ішкі мемлекеттік бақылау шаралары жүргізіліп, нәтижесімен 422 заң бұзушылық фактілері анықталды (2024 ж. 179 объекті тексеріліп, 465 заң бұзушылық анықталған).
Бақылау іс-шараларының нәтижесінде әзірленген ұсыныстар саны 459 құрады, оның ішінде 457 ұсыныс орындалды.
Анықталған заң бұзушылықтар нәтижесінде 215 лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды (оның ішіде 110-ы жалпы білім беретін мектеп директорлары, 83-і мектеп директорының орынбасарлары).
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық
мониторинг нәтижелері
Қоғамдық мониторингтің мақсаты көрсетілетін қызметті берушілермен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына, қолжетімділігіне және рәсімдеріне көрсетілетін қызметті алушының қанағаттану деңгейін анықтау, проблемалық мәселелерді анықтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
ШҚО Жастар ақпараттық-талдау агенттігінің жыл сайынғы қоғамдық мониторингі аясында Қызылорда облысы тұрғындарының көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттанушылық деңгейі 2025 жылы 79,8% (2024 жылы - 76,0%) құрады.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігін және көрсетілетін қызметтерді алушылардың қанағаттану деңгейін 2026 жылы арттыруға бағытталған шаралар
2026 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын одан әрі арттыру мақсатында келесі шаралар жоспарланды:
- «электрондық үкімет» веб-порталы және көрсетілетін қызметті берушілердің ақпараттық жүйелері арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру;
- бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тұрғындарға электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлығын насихаттайтын ақпараттар орналастыру;
- «жасырын» мемлекеттік қызметтерді анықтау;
- мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын арттыру арқылы тұрғындардың мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар жоспарын қабылдау;
- көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді жалғастыру;
- мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету;
- мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты қызметкерлерге мемлекеттік қызметтер көрсетуді реттейтін нормативтік-құқықтық актілер бойынша түсіндірмелер жүргізу;
- мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі мемлекеттік бақылау жүргізу.