Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестицияларды тарту болып табылады.
Өңірге инвестициялар тарту, өндірістік кооперацияны күшейту және жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында облысқа шетелдік компаниялардың жетекшілері мен дипломатиялық өкілдердің жұмыс сапарлары мен онлайн кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Жыл басынан бері 45 роуд-шоу ұйымдастырылды, оның ішінде, шет мемлекеттерге 8 іссапар (Түркия – 1, Қытай - 1, Татарстан -1, РФ – 2, Египет -1, Өзбекстан – 1, Италия- 1, Испания-1), ал Қызылорда облысына 37 жұмыс сапарлары ұйымдастырылды (11 қытайлық, 1 чехиялық, 1 поляк, 6 түркиялық, 1 беларуссиялық, 4 кореялық, 1 ЕвроОдаққа мүше мемлекеттері, 1 АҚШ, 2 жапондық, 3 вьетнамдық, 1 неміс, 1 француздық, 1 нидерландық,2 ресейлік, 1 иорданиялық).
А.ж. 25-26 маусым күндері облыстық делегация Қытай Халық Республикасы Шыңжан Ұйғыр автономиялық ауданында ІІІ-ші Қазақстан-Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.
Форум аясында Қызылорда облысы әкімдігі, «Қызылорда Цемент», «Altyn Land» кәсіпорындары және қытайлық «Jiangsu Pengfei Group», «Xi'an Liyuan Furnace Automation Equipment» компаниялары арасында өңірде цемент және кірпіш зауыттарын салу бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылды.
Жалпы құны 82 млн. АҚШ долларын құрайтын аталған екі жоба бойынша облыста жылына 500 мың тонна цемент және 90 млн. дана құрылыс кірпіштерін өндіру келісілді.
Іссапар нәтижесінде, жобаны орналастыру «Өндіріс» индустриялық аймағынан 7 га жер телімі табысталып, жылына 90 млн дана заманауи кірпіш өндіретін зауыт құрылысы басталды.
А.ж. 12 маусымда екі Мемлекет Басшыларының қатысуымен өткен қазақ-корей ынтымақтастық форумы аясында облыс әкімі Н.М. Нәлібаев пен корейлік «With You E&C» компаниясының төрағасы А. Сон «Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарататын, сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыт салу» жобасын іске асыру жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Жоспарланған инвестиция көлемі 18 млн. АҚШ доллары.
Атап өту қажет, Қазақстан мен Корея көптеген жылдар бойы ашық және сенімді өзара қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктестер болып табылады. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 32 жыл толды.
Қызылорда облысы мен Корея Республикасы арасында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар және сауда-экономикалық қатынастар қарқынды өсіп, өзара қарым-қатынастар орнатылуда.
А.ж. 20-23 маусым күндері аймақ басшысы Татарстан Республикасының Қазан қаласында «БРИКС+» елдері қалаларының халықаралық форумына қатысу үшін жұмыс сапармен барды.
Форум аясында Елабуга муниципалды ауданымен бауырластық қатынас орнату туралы өзара түсіністік Меморандумына қол қойылды. Осы құжат шеңберінде «Алабуга» арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу жоспарлануда.
А.ж. 2-6 сәуір күндері облыс әкімінің орынбасары А.Т.Зебешев Түркия еліне іссапарында 2 компаниямен («Bayteks Tekstil» тоқыма емес маталарды өндіру, «Akplas» жаңбырлатып суару техникасы жобасы) өзара серіктестік бойынша меморандумдарға қол қойды.
А.ж. 26-27 қараша күндері облыс әкімінің орынбасары А. Зебешевтің Ресейге іссапары аясында «Акрон Холдинг» АҚ және «Petroleum Technology» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойылды.
Қазіргі таңда «Petroleum Technology» ЖШС-мен облыста мұнай кабельдерін өндіретін зауытын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп, бірлесіп жұмыс жасалуда.
2-7 желтоқсан күндері аймақ басшысы Н. Нәлібаевтың облыстық делегация өкілдерімен Италия және Испания елдеріне іссапары ұйымдастырылды.
Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер болды.
Жұмыс сапары аясында, клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған өнімдерді әзірлейтін «SGM Іtalia» компаниясы, «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігі мен бірқатар компания басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында, аймақтың мүмкіншіліктері талқыланып, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігі жеткізілді.
Бұл қадамдар еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін аса маңызды.
Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – елдің экономикасын әртараптандыру, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу.