Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Б.Шәменованың төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде:
1. Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» № 63 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. «Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 11 шілдедегі № 117 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
Алдымен күн тәртібіндегі Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» № 63 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбәраков 26 қаңтар күні өткізілген тұрақты комиссия отырысында бюджетке байланысты депутаттардың тарапынан болған сауалдардың ішіндегі қолдау тапқан мәселелерге тоқталып, нақты жауаптарын берді.
Одан соң, мәслихат депутаты Д.Жұмбеков облыста судың тапшылығына орай күріш егістігін азайтуға байланысты тамшылатып суару көлемінде Шиелі ауданында Қытай компаниясы инвесторлармен бірлесіп, 3000 гектарға тамшылатып суару жүйесінің жобасын жүзеге асыратындығын және жобаға қаржы қарастыру мәселесін көтерді.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов бүгінгі өткен Үкімет отырысында су мәселесі жөнінде тұжырымдама қабылданғанын айтып, Үкімет тарапынан барлық облыстарға, оның ішінде Сыр өңіріне барынша суды үнемдейтін технологияларды енгізу мәселесі арнайы тапсырылғандығын айтты. Соған сәйкес, негізгі бағыттағы жұмыстардың бірі – суды үнемдеу баршаға ортақ іс екендігін, бір тамшы суды бағалап, қолда барымызды сақтау баршамыздың ең үлкен міндетіміз екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов депутат Д.Жұмбековтың көтерген сауалына сәйкес, аталған жобаны алдымен зерттеп, зерделеп содан кейін ғана шешім шығару туралы ұсынысын жеткізді.
Ал депутат А.Абибуллаева өңірдегі соңғы жылдардағы демографиялық өсімді ескере отырып, қаланың Тасбөгет, Сабалақ, Наурыз елді мекендері мен Астана, Саяхат, Сырдария, Сығанақ мөлтек аудандары балаларын сапалы қосымша біліммен қамту үшін осы аумақтан тағы бір шығармашылық сарайы құрылысын салуға қаржы қажеттілігі мәселесін және өзге де депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Отырыс соңында күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.