Есептік мерзімде сыртқы байланыстар бөлімі тарапынан 26 роуд-шоу ұйымдастырылды, оның ішінде, 8 іссапар шет мемлекеттерге (Ресей Федерациясы - 2, Корея Республикасы - 1, Қытай Республикасы – 2, Өзбекстан Республикасы - 1, Моңғолия - 1), ал Қызылорда облысына 19 жұмыс сапарлары ұйымдастырылды (7 қытайлық, 2 германдық, 1 ресейлік, 2 корейлік, 2 өзбекстандық, 1 АҚШ, 1 чех, 1 япондық, 1 франциялық, 1 түркиялық).
Ақпан айының 20-21 күндері облысқа Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Е. Бобровтың іссапары ұйымдастырылды. Іссапар барысында Бас Консул облыс әкімі Н. Нәлібаевпен ізеттілік жүздесу өткізіп, екіжақты мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Достық үйінде отандастармен кездесу барысында РФ-ның Қорғаныс Министрлігі және Сыртқы істер министрлігі тапсырмасы бойынша Бас консул Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін қазақ батыры Оспанов Қалмағанбеттің ұлы
Б.К. Оспановқа КСРО-ның мемлекеттік наградаларының (III дәрежелі Даңқ ордені және «Ерлігі үшін» медалі) кітапшаларын табыстады.
Наурыз айының 8-9 күндері өңірге Корея Республикасы Чоллабук-до провинциясы әкімшілігі өкілдерінің жұмыс сапары ұйымдастырылды. Аталған іссапар аясында Чоллабук-до әкімшілігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязовтың қабылдауында болып, екіжақты байланыстарды дамыту және кеңейту, мәдени алмасу шаралары және бірлескен Жол картасына қою мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ, іссапар аясында делегация өкілдері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне, Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш зерттеу ғылыми-зерттеу институтына және облыстық «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігіне және Хон Бом До мемориалдық кешеніне барып, жұмыстарымен танысты.
20-21 наурыз күндері Шымкент қаласында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерінің бірлескен өңіраралық инвестициялық форумы және өңіраралық тауар өндірушілердің көрмесі өткізілді.
Қызылорда облысы атынан Форум және көрме жұмыстарына облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов бастаған 30-ға жуық бизнес-делегация өкілдері және 40 жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындар экспонент ретінде қатысты.
Форумның іскерлік бағдарламасына сәйкес облыс әкімдігі және Германияның «Medal Vervaltungs» фирмасымен Қызылорда қаласының индустриялық паркінде талшықты цемент тақталарын, құрғақ құрылыс қоспаларын және пенобетон блоктарын шығаратын зауыттар салу туралы және «BSD Company» фирмасымен шыны ыдыстар шығаратын зауыт құрылысы бойынша Меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Қызылордадағы «Орда Glass» шыны зауыты шымкенттік «Авангард» серіктестігімен шыны жеткізу туралы келісім-шартқа қол қойды.
29-30 наурызда облысқа Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы А. Фатхуллаевтың іссапары ұйымдастырылды. Іссапар аясында облыс әкімі Н. Нәлібаевпен ізеттілік жүздесу өткізіліп, Бас консул Өзбекстан Республикасында Жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум кезінде Қызылорда қаласында мерзімінен бұрын дауыс беру пунктін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
20-24 сәуір күндері шет мемлекеттермен өндірістік және инвестициялық кооперацияны дамыту мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов бастаған бизнес-делегация өкілдерінің Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары ұйымдастырылды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М. Қарабаев бастаған ауқымды қазақстандық делегацияның Мәскеу және Ташкент қалаларына бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастық және тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылау бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Іссапар аясында делегация өкілдері «Халықаралық жарық техникалық корпорациясы» ЖШС, «Ризур» АҚ, «Воткинский завод» ЖШС, «ФосАгро Регион» ЖШС және «Узкимсаноат» АҚ, «Ориент Керамик» ЖШС компания басшыларымен қоғамдық кеңістікті жарықтандыру, мұнай-газ саласында байланыстарды кеңейту, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және ағаш өңдеу мен жиһаз өндіру және т.б. бағыттарда байланыс орнатуды талқылады.
Сондай-ақ, Ташкент қаласында жергілікті «Қуат Әк» компаниясы өзбекстандық «Тамирчи» және «Шахар Инвест» компанияларымен Жаңақорған ауданында әк, керамзит және керамзит кірпіштерін өңдіру жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ, ай сайын 1 мың тонна шамасында әк жеткізу туралы Меморандумдарға қол қойды.
24-26 сәуір күндері Ташкент қаласында өткен «ИННОПРОМ. Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне «Орда Гласс» ЖШС және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС қатысты. Қазақстан Республикасы атынан көрмеде өз өнімдерін ұсынған облыстың екі кәсіпорнының экспозициясымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М. Қарабаев танысты.
24-27 сәуір аралығында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің қолдауымен облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен Қызылорда облысының даму орталығы және «Шолпан Ана» және «Нұғманова» шаруа қожалықтарының басшыларынан құралған Қызылорда облысының делегациясы Моңғолияға жұмыс сапармен барды.
Іссапардың мақсаты – жүн мен тері өңдірісі саласында Моңғолияның жоғары тәжірибесімен алмасу, қолда бар шикізатты өңдеу мақсатында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру.
Іссапар аясында облыстық делегация Моңғолияның азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігінің және Моңғолияның жүн мен тері өңдейтін кәсіпорын басшылығымен кездесті.
Атап айтқанда, тері дайындаумен және өңдеумен айналысатын
4 кәсіпорын жұмысымен танысты. Оның ішінде, тері дайындайтын «Булигаар» АҚ-ның, Моңғолияның тері өңдеу одағы және теріден киім-кешек өндіретін «Мон-Ирээдүй» мен «Бестшус» теріден аяқ-киім, сөмке және былғары бұйымдар шығаратын, теріден сырт киім шығаратын «Дархан Нэхий» кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Моңғолияның жүн мен кашемир одағының өкілдерімен, «Кашемир Холдинг», «Блю Скай кашемир» және «Bodios Mongolia» серіктестерімен жүнді алғашқы өңдеп, өнім шығарумен айналысатын
3 кәсіпорын өндірісіне барды.
«Дархан Нэхий» компаниясымен кездесу нәтижесінде өңірде өндіріс ашу үшін ең алдымен қолданылатын шикізатты - мал терісін зерттеу үшін әр мал түрінің терісінен стандартқа сәйкес 10 данадан жолдау туралы келісімге қол жеткізілді.
Осыған орай, алдағы уақытта моңғолиялық тараппен жүн мен теріні өңдеуге бағытталған жұмыстар жасалатын болады.
22-25 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Кореядағы Елшілігі қолдауымен облыс әкімі Н.М. Нәлібаев бастаған делегация Корея Республикасына жұмыс сапармен барды.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 16-17 тамызда Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамуына зор серпін берді. Бұл ретте, генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнатылуына және дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Іссапар бағдарламасына сәйкес Тэджон қаласы және Чоллабук-до провинциясы басшыларымен, сондай-ақ, Сеул қаласында орналасқан әлемдік деңгейдегі Кореяның жетекші жоғарғы оқу орындарының президенттерімен кездесулер өткізіліп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Тэджон қаласы мен Қызылорда облысы арасында бауырлыстық қатынастар орнату туралы Меморандумға және Чоллабук-до провинциясының Халықаралық қатынастар орталығы мен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған Меморандумдар аясында өзара сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Сонымен қатар, Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті және Шинхан университеттерінің Президенттерімен кездесу барысында білім және ғылым саласында тиімді байланыстар орнату және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Нәтижесінде, корей тарапымен бірлесіп Қызылорда қаласында кореялық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және жергілікті үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу ұсынылды.
Іссапар аясында күріш өсіру және азық-түлік өндіру бойынша Кореяның басты ауыл шаруашылық аймағы – Чоллабук-до провинциясында егін шаруашылығындағы озық тәжірибелерімен алмасу, «ақылды ферма», заманауи жылыжайлар және ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар Чоллабук-до провинциясы Халықаралық қатынастар орталығы мен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арасында қол қойылған Меморандум аясында жүргізілетін болады.
25-26 мамырда облысқа Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулдығы өкілдерінің іссапары болды. Іссапар аясында делегация өкілдері Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндеріндегі ортақ су ресурстарын басқару саласындағы аймақтық әлеуетті нығайтуға және экологиялық қатерлердің алдын алып, олардың салдарын азайтуға бағытталған «Экожүйені қалпына келтіру және донорларды координациялау» атты конференцияға қатысты.
Конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов,
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ұлттық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы секілді донорлық қоғамдастықтың ресми өкілдері қатысып, теңіз экожүйесін қалпына келтіру жобасына арналған жиында өз жобаларын ұсынды.
20 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Н. Сақтағанов бастаған бизнес-делегация Астана қаласында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев және Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен «Қазақстан – Германия» бизнес-форумына қатысты.
Бизнес-форум аясында Қызылорда облысының әкімдігі, «Медаль Групп» және «Самга Евротрэйд КЗ» ЖШС арасында және Қызылорда облысының әкімдігі, «Хорн» фирмасы және «ЕвроГлас Индастриз» ЖШС арасындағы екі үшжақты Меморандумдарға қол қойылды.
Аталған Меморандумдар аясында Қызылорда қаласында Wehrhahn корпорациясының фирмалық жабдықтары мен технологиялары негізінде фиброцемент, газ-бетон және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Көпфункционалды инновациялық индустриялық парк» және HORN корпорациясының фирмалық жабдықтары мен технологияларын қолдана отырып, «Шыны ыдыстарды өндіру зауыты» жобасын іске асыру көзделген.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 22 маусым күні жоғарыда аталған неміс компаниялары басшылары облысқа іссапармен келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязовпен жобаларды әрі қарай жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Ағымдағы жылдың 20-22 маусымда облысқа Чехия Республикасы Парламенттері депутаттары палатасының Вице-спикері Ян Бартошек бастаған Чехия легионерлер қоғамы және Чехия Республикасының Қорғаныс министрлігі өкілдерінен құралған делегацияның облысқа іссапары болды.
Іссапар аясында делегация өкілдері Қызылорда қаласында және Қазалы ауданында I дүниежүзілік соғыс кезінде чехословактар жерленген орындарға барып, зиярат етті.
Сондай-ақ, делегация өкілдері облыс әкімінің бірінші орынбасары
С. Қожаниязовтың қабылдауында болып, Қызылорда облысы мен Чехия Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
6-8 шілде күндері облыс әкімі Н.М. Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасы Пекин қаласына жұмыс сапары ұйымдастырылды.
Іссапар аясында аймақ басшысы қытайлық «Джепетто» мұнай технологиялары компаниясының басшысы Цзэн Бинь мырзамен өңірдегі мұнай кен орындарының тиімділігін ұлғайту және өнімділігін арттыру бағытында химиялық реагенттер өңдіру, арнайы мамандарды даярлайтын оқу бағдарламаларын ашу және әлеуметтік жобалар бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, «China Glass Holdings LTD.» компаниясының Президентімен кездесуде облыс әкімі шыны зауыты айналасында шағын жане орта кәсіпкерлік белдеуін құру мақсатында қытайлық тараппен бірлесіп, қуаттылығы жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын іске асыру бойынша екіжакты Меморандумға қол қойды.
7 шілде күні ҚХР-ның өңірлерімен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында Цзянсу провинциясында болып, губернаторымен кездесуде Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Кездесулер барысында өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту, іскерлік байланыстарды орнату және өзара тиімді ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілді.
10-13 шілде облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов бастаған облыстық бизнес-делегация Ресей Федерациясы Екатеринбург қаласында өткен «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты.
Көрмеде облыстың құрылыс индустриясы, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласынан 10-нан аса компаниялары өз өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, «Вега Пром» ЖШС, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «ОрдаСтройМарт» ЖШС, «КНК Кемикал» ЖШС, «Арал Кварц» ЖШС, «Агрохимсервис» ЖШС, «Завод композитных труб» ЖШС, «Хуа-Ю» ЖШС, «Комфорт КЗ» ЖШС, «Фирма Балауса» ЖШС.
Сонымен қатар, көрме аясында «Вега-Пром» ЖШС және ресейлік ООО «Полипласт Новомосковск» кәсіпорындары арасында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру үшін химиялық компоненттерді жеткізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
13-17 тамызда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі,
ҚР-ның Сауда және интеграция министрі С. Жұманғариннің Қытай Халық Республикасы Шэньчжэнь, Цзинань, Шаньдун, Пекин және Үрімші қалалырына жасаған іссапарының құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов болды.
Іссапар аясында ҚХР-ның инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, транспорт пен логистика және басқа да салалардағы ірі компаниялардың қатысуымен бизнес-форум мен дөңгелек үстел өткізілді.
Сонымен қатар, іссапар аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары
С.Қожаниязов «Қызылорда облысында кальцийленген сода өндіру» жобасын талқылау үшін «Чайна Машинэри инжиниринг груп корпорэйшн» Президенті Фан Яньшуй мен «Чайна гласс Холдинг Лтд.» компаниясының Президенті Лю Гуомен кездесті.
Ү.ж. 16 тамыз күні облыс әкімі Н.М. Нәлібаевтың «China national machinery industry corporation (Sinomach)» қытайлық компания өкілдерімен кездесуы ұйымдастырылды. Кездесу барысында «Синомаш» компаниясы жобаға инвестор ретінде қатысуы, қатысудың пайыздық мөлшерлемесі мен үлесі, сонымен қатар үкімет жағынан берілетін мемлекеттік қолдау шаралары тәрізді мәселелер талқыланды.
21 шілде күні облысқа Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің делегация өкілдері КСРО аумағында интернацияланған жапондықтардың жерленген орындарын іздеу және қалдықтарын жинау жұмыстарын жүргізу үшін іссапармен келді.
Осылайша, алдын-ала зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін делегация өкілдері Шиелі ауданы, Байғақұм ауылдық округі, Томенарық елді мекендерінің маңайындағы жапондық әскери тұтқындардың ықтимал жерленген орындарына барды.
6 қыркүйекте облыс әкімі Н. Нәлібаев «Gepetto» компаниясының басшысы Цзэн Биньмен кездесіп, Сыр өңірінде мұнай өндіру перспективаларын талқылады. Кездесуде суланған және сарқылған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу мәселелері, компанияның аймақтағы қызметі пысықталды.
«Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясы» АҚ – мұнай және газ кен орындарының дебитін ұлғайту технологияларын әзірлеуге маманданған кәсіпорын. «Gepetto» компаниясының басшысы жоғары технологиялық әдістер арқылы Оңтүстік Торғай бассейнінің сарқылған кен орындарында мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтінін айтты. Жақында «Gepetto» компаниясының өкілдігі Қызылорда қаласында ашылды.
25-27 қыркүйек аралығында Астана қаласында «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне облыстық делегация өкілдері қатысты. Көрменің «Құрылыс саласы» тақырыбындағы салалық стендіне өңірден цемент өндіретін «Гежуба Цемент Шиелі» ЖШС-і, құрғақ құрылыс қоспасын өндіретін «Вега-Пром» ЖШС-і, әк өндіретін «Орда Строй Март» ЖШС-тері қатысты.
Сондай-ақ, көрме аясында «Байқоңыр. Инвестициялар тарту» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары – ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қ. Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К. Бусыгин, тиісті министрлік пен ұйымдардың және бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
А.ж. 17 қазанда Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы И.С. Ансат антибиотик шығаратын қытайлық компания «Zhejiang Sunny Group Co., Ltd.» өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігі, сонымен қатар Қызылорда облысының аталған жобаны іске асыру үшін әлеуеті (шикізат қоры - жүгері) мен географиялық тұрғыдан тартымдылығы тәрізді сұрақтар талқыланды. Кездесу барысында И. Ансат және компания өкілдері Қызылорда облысындағы «Өндіріс» индустриалды аймағына барып, әлеуетті инвесторлар үкімет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен (тартылған инженерлік инфрақұрылым, заттай берілетін гранттар, инвестициялық субсидиялар және т.с.с.) таныстырылды.
18 қазан күні И.С. Ансат басқарма басшысының Дацин ғылыми-техникалық компаниясы («Хуаруй Шэн Лтд») директорының орынбасары және өкілімен кездесуі ұйымдастырылды. Осы кездесу аясында Арал теңізін суды тазартатын құрылғысы арқылы қалпына келтіру мүмкіндігі талқыланып, Арал теңізіне іссапар жасалды. Іссапар барысында компания өкілдері аталған суды тазартатын құрылғыны пайдалана тұра, сынамалар өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ағымдағы жылдың 2-3 қараша күндері Корея Республикасы Парламентінің Депутаты У Вон Сик бастаған делегация өкілдері Қызылорда облысына іссапармен келді.
Аталған іссапар мақсаты – облыс әкімі Н.М. Нәлібаевпен ізеттілік жүздесу, корей диаспорасының өкілдерімен кездесу, қайта жаңғыртудан өткен Хон Бом До мемориалдық кешенінің ашылу рәсіміне қатысу және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректорымен кездесіп, облыс әкімінің бастамасымен Қызылорда қаласында Қорқыт ата университетінің базасында жасанды интеллект мектебін құру мәселесі мақұлданды. Мектепте жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында жоғары білімді кадрлар даярланады.
Корея Республикасымен серіктес қарым-қатынастарды арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
А.ж. 25 қараша күні Кытай Халық Республикасы «Peng Sheng Group» индустриялық паркі мен «Jinpin Lianghe Agricultural Technology Co., Ltd» компаниясының басшылығы Қызылорда облысының әкімі
Н. Нәлібаевтың қабылдауында болып, мал шаруашылығы шикізаттарын (тері, жүн) өңдейтін және ауыл шаруашылығы қондырғыларды құрастыру бағытында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Ү.ж. 27 қараша күні Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары
С. Қожаниязов Өзбекстан Республикасының «Ориент Керамик» компаниясының басшылығымен жүздесіп, шыны кластерін дамыту мақсатында Қызылорда қаласындағы шыны зауытының айналасында ілеспе кәсіпорындарындарды, оның ішінде шыны сыйымдылықтарды, энергия үнемдейтін шыны және т.с.с. бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қоса, а.ж. 30 қараша – 1 желтоқсан күндері облысқа Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс бастаған делегация өкілдері іссапармен келді. Іссапар аясында француз Елшісі облыс әкімі Н. Нәлібаевтың қабылдауында болып, ізеттілік кездесу өткізді. Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-әрекет» халықаралық науқаны аясында өтетін кейс-чемпионатында болып, марапаттау шарасына қатысты.
Ү.ж. 5 желтоқсан күні облыс әкімінің бірінші орынбасары
С.С. Қожаниязов «Нинся Цин-Лун» қытайлық құбыр компаниясының басшылығымен кездесіп, тамшылап суару қондырғы өндіретін жобасын бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігі пысықталды.
А.ж. 9 желтоқсан күні басқарма басшысы Д. Әбсаттаров түркиялық «Koruma Group» компаниясының бас директоры Атилла Йылмазбен кездесті. Кездесу барысында екі тарап өңірде жылыжай салу жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысымен Д.Әбсаттаров жобаны жүзеге асыру мақсатында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және өңірде басқа да жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.
Cонымен қоса, а.ж. 25 желтоқсан күні облыс әкімі Н. Нәлібаевтың қабылдауында қытайлық «CNNP Rich Energy Corporation Limited» компаниясының өкілдері болып, аймақ үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады. Компания еліміз аумағында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, электр энергиясын өндіру жобаларына қызығушылық танытатындығын жеткізді.
Шикізаттық емес экспорт көлемі
Бүгінгі күні облыс бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық экспорттаушы кәсіпорындар жұмыс жасайды. Облыс экспортының тауарлық құрылымындағы негізгі үлесін уран тотығы-шала тотығы, күріш, ас тұзы, цемент, балық өнімдері және аммоний метаванадаты өнімдері құрайды.
Облыстың экспорт географиясы 20-дан астам елді қамтиды, олардың ішінде негізгі сауда-экономикалық серіктестер Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан мемлекеттері болып табылады.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында облыстың шикізаттық емес экспорт көлемі 64,8 млн. АҚШ долл. құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,2%-ға төмендеді (2022 жылғы қаңтар-желтоқсан – 151,5 млн. АҚШ. долл.). Жалпы экспорт көлеміндегі өңделген өнімдердің экспорты 14,4% құрады.