Есептік мерзімде сыртқы байланыстар бөлімі тарапынан 6 роуд-шоу ұйымдастырылды, оның ішінде, 3 іссапар шет мемлекеттерге (Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Моңғолия), ал Қызылорда облысына 3 жұмыс сапарлары ұйымдастырылды (1 ресейлік, 1 корейлік, 1 өзбекстандық).
Ақпан айының 20-21 күндері облысқа Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Е. Бобровтың іссапары ұйымдастырылды. Іссапар барысында Бас Консул облыс әкімі Н. Нәлібаевпен ізеттілік жүздесу өткізіп, екіжақты мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Достық үйінде отандастармен кездесу барысында РФ-ның Қорғаныс Министрлігі және Сыртқы істер министрлігі тапсырмасы бойынша Бас консул Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін қазақ батыры Оспанов Қалмағанбеттің ұлы Б.К. Оспановқа КСРО-ның мемлекеттік наградаларының (III дәрежелі Даңқ ордені және «Ерлігі үшін» медалі) кітапшаларын табыстады.
Наурыз айының 8-9 күндері өңірге Корея Республикасы Чоллабук-до провинциясы әкімшілігі өкілдерінің жұмыс сапары ұйымдастырылды. Аталған іссапар аясында Чоллабук-до әкімшілігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязоватың қабылдауында болып, екіжақты байланыстарды дамыту және кеңейту, мәдени алмасу шаралары және бірлескен Жол картасына қою мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ, іссапар аясында делегация өкілдері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне, Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш зерттеу ғылыми-зерттеу институтына және облыстық «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігіне және Хон Бом До мемориалдық кешеніне барып, жұмыстарымен танысты.
20-21 наурыз күндері Шымкент қаласында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерінің бірлескен өңіраралық инвестициялық форумы және өңіраралық тауар өндірушілердің көрмесі өткізілді.
Қызылорда облысы атынан Форум және көрме жұмыстарына облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов бастаған 30-ға жуық бизнес-делегация өкілдері және 40 жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындар экспонент ретінде қатысты.
Форумның іскерлік бағдарламасына сәйкес облыс әкімдігі және Германияның «Medal Vervaltungs» фирмасымен Қызылорда қаласының индустриялық паркінде талшықты цемент тақталарын, құрғақ құрылыс қоспаларын және пенобетон блоктарын шығаратын зауыттар салу туралы және «BSD Company» фирмасымен шыны ыдыстар шығаратын зауыт құрылысы бойынша Меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Қызылордадағы «Орда Glass» шыны зауыты шымкенттік «Авангард» серіктестігімен шыны жеткізу туралы келісім-шартқа қол қойды.
29-30 наурызда облысқа Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы А. Фатхуллаевтың іссапары ұйымдастырылды. Іссапар аясында облыс әкімі Н. Нәлібаевпен ізеттілік жүздесу өткізіліп, Бас консул Өзбекстан Республикасында Жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум кезінде Қызылорда қаласында мерзімінен бұрын дауыс беру пунктін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
20-24 сәуір күндері шет мемлекеттермен өндірістік және инвестициялық кооперацияны дамыту мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов бастаған бизнес-делегация өкілдерінің Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары ұйымдастырылды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М. Қарабаев бастаған ауқымды қазақстандық делегацияның Мәскеу және Ташкент қалаларына бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастық және тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылау бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Іссапар аясында делегация өкілдері «Халықаралық жарық техникалық корпорациясы» ЖШС, «Ризур» АҚ, «Воткинский завод» ЖШС, «ФосАгро Регион» ЖШС және «Узкимсаноат» АҚ, «Ориент Керамик» ЖШС компания басшыларымен қоғамдық кеңістікті жарықтандыру, мұнай-газ саласында байланыстарды кеңейту, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және ағаш өңдеу мен жиһаз өндіру және т.б. бағыттарда байланыс орнатуды талқылады.
Сондай-ақ, Ташкент қаласында жергілікті «Қуат Әк» компаниясы өзбекстандық «Тамирчи» және «Шахар Инвест» компанияларымен Жаңақорған ауданында әк, керамзит және керамзит кірпіштерін өңдіру жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ, ай сайын 1 мың тонна шамасында әк жеткізу туралы Меморандумдарға қол қойды.
24-26 сәуір күндері Ташкент қаласында өткен «ИННОПРОМ. Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне «Орда Гласс» ЖШС және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС қатысты. Қазақстан Республикасы атынан көрмеде өз өнімдерін ұсынған облыстың екі кәсіпорнының экзпозициясымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М. Қарабаев танысты.
24-27 сәуір аралығында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің қолдауымен облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен Қызылорда облысының даму орталығы және «Шолпан Ана» және «Нұғманова» шаруа қожалықтарының басшыларынан құралған Қызылорда облысының делегациясы Моңғолияға жұмыс сапармен барды.
Іссапардың мақсаты – жүн мен тері өңдірісі саласында Моңғолияның жоғары тәжірибесімен алмасу, қолда бар шикізатты өңдеу мақсатында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру.
Іссапар аясында облыстық делегация Моңғолияның азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігінің және Моңғолияның жүн мен тері өңдейтін кәсіпорын басшылығымен кездесті.
Атап айтқанда, тері дайындаумен және өңдеумен айналысатын
4 кәсіпорын жұмысымен танысты. Оның ішінде, тері дайындайтын «Булигаар» АҚ-ның, Моңғолияның тері өңдеу одағы және теріден киім-кешек өндіретін «Мон-Ирээдүй» мен «Бестшүэс» теріден аяқ-киім, сөмке және былғары бұйымдар шығаратын, теріден сырт киім шығаратын «Дархан Нэхий» кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Моңғолияның жүн мен кашемир одағының өкілдерімен, «Кашемир Холдинг», «Блю Скай кашемир» және «Bodios Mongolia» серіктестерімен жүнді алғашқы өңдеп, өнім шығарумен айналысатын 3 кәсіпорын өндірісіне барды.
«Дархан Нэхий» компаниясымен кездесу нәтижесінде өңірде өндіріс ашу үшін ең алдымен қолданылатын шикізатты - мал терісін зерттеу үшін әр мал түрінің терісінен стандартқа сәйкес 10 данадан жолдау туралы келісімге қол жеткізілді.
Осыған орай, алдағы уақытта моңғолиялық тараппен жүн мен теріні өңдеуге бағытталған жұмыстар жасалатын болады.
Бүгінгі күні облыс бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық экспорттаушы кәсіпорындар жұмыс жасайды. Облыс экспортының тауарлық құрылымындағы негізгі үлесін уран тотығы-шала тотығы, күріш, ас тұзы, цемент, балық өнімдері және аммоний метаванадаты өнімдері құрайды.
Облыстың экспорт географиясы 20-дан астам елді қамтиды, олардың ішінде негізгі сауда-экономикалық серіктестер Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан мемлекеттері болып табылады.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылдың қаңтар айына облыстың шикізаттық емес экспорт көлемі 7,3 млн. АҚШ долл. құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға өсті (2022 жылғы қаңтар– 6 млн. АҚШ. долл.).
Облыстың экспорт көлемін ілгерілету мақсатында 27 ақпанда «QazIndustry» және «KazakhExport» өкілдерінің облысқа іссапары ұйымдастырылды. Облыстық әкімдік ғимаратында облыс кәсіпкерлерімен еңбек өнімділігін арттыруға, аумақтық кластерлерді дамытуға және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру семинары жүргізілді.