Бүгін облыстық мәслихаттың VІІІ шақырылымының алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар мандат алып, қызметіне кірісті.
Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдары басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.
Жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша партия атынан және мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.
- Шын мәнінде елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы Қызылорда облысында да заң талаптарына сай ашық әрі әділ өткізілді.
Сайлауды өткізудің жаңа форматы азаматтардың саяси процеске қатысу қолжетімділігін едәуір кеңейтті және тұтастай сайлау процесін жаңартты.
Сайлауда мажоритарлық жүйемен азаматтардың өз-өзін ұсынуға мүмкіндік берілді,- деді Ә. Ерсұлтанов.
Еске салсақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында өңірдегі 486002 сайлаушының 67,21% дауыс беріп, республикада Қызылорда облысы алдыңғы қатардан көрінді.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына өңір бойынша бірмандатты округтен Мархабат Жайымбетов пен партиялық тізім бойынша Мұрат Ергешбаев сайланды.
Нұрлыбек Машбекұлы жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Күні кеше Мемлекет басшысы VІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді. Біздің де алдымызда Өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар.
Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамытуға, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді. Сайлау қорытындысы бойынша біздің облыста төрт партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат білім және ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен құралды», – деді облыс әкімі.