Бүгін ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының мүшелері Вероника Куралт пен Роман Давид Магри облыстық сайлау комиссиясына келіп, "Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер" платформасының жұмысын көрді.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов халықаралық байқаушыларға платформаның негізгі ерекшеліктерін таныстырды.
Жергілікті әкімдікпен бірлесіп, өңірде 20 қаңтардан бастап азаматтардың дауыс беру учаскесін нақтылау үшін 109 кол-орталығы, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz) іске қосылды.
Сервисте әрбір азамат жеке сәйкестендіру номерін (ЖСН) енгізе отырып, тіркелген сайлау учаскесі туралы мәліметті және сол сайлау учаскесінің қай мекен-жайда орналасқанын картадан онлайн көре алады.
Сервисті тиімді пайдалану үшін аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары және тіркелген кандидаттар туралы ақпарат енгізілді.
Сонымен қатар, telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімінен тексеру мүмкіндіктері қарастырылған.
Дауыс беру күні egov порталында азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін орнату үшін 169 сайлау учаскесі анықталды.