Cайлау заңнамасы туралы теориялық және қолданбалы білімді және оны Қазақстан Республикасының Президентінің сайлауы процесінде қолдану тәжірибесін кеңейту есебінен сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттілігінің деңгейін арттыру мақсатында және ҚР ОСК 22.09.2022 ж. №65/540 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жоспарына сәйкес, 2022 жылғы 27 қазан - 3 қараша аралығында Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалымен бірлесіп, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшыларына арналған «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезеңінде сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссиясының қызметін ұйымдастыру» тақырыбында оқыту курсы ұйымдастырылды.
Оқыту барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Г. К. Баймурзаев, сайлау ұйымдастырушыларын оқытатын cертификатталған жаттықтырушылар Б. Н. Накипов, Б. С. Өтегенова, М. Әбубәкір, Мемлекеттік басқару Академиясының аймақтық филиалының доценті, психология ғылымдарының кандидаты А. Аяғанова Ж., сондай-ақ прокуратура органдарының өкілдері тақырыптық дәрістер оқып, тыңдаушыларды Қазақстан Республикасының Президентін сайлауы науқандарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық және құқықтық аспектілері, сайлау науқандарын қаржыландыру, сайлау процесінің өзге қатысушыларымен өзара іс-қимылдың қағидаттары мен стандарттары туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, оқыту процесіне сайлау комиссиялары мүшелерінің дағдыларын жетілдіруге арналған сайлау тәжірибесінен алынған жағдайлар бойынша практикалық кейстерді талдау, жанжал-менеджмент және тиімді коммуникациялар бойынша тренингтік сабақ форматтары кеңінен қолданылды.
Семинар соңында тыңдаушылар сайлау заңнамасын меңгеруі бойынша арнайы әзірленген тест тапсырып, қорытындысымен әр қатысушыға курстан өткені туралы сертификат табысталды.
Сондай-ақ, 4-7 қараша аралығында Қызылорда облысы әкімі аппаратының жедел әрекет ету орталығының "109" Cаll-орталығы операторлары үшін "Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы кезінде азаматтарға дауыс беру учаскесін нақтылаудың кейбір мәселелері» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.