Құрметті қонақтар!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойымен, қала күні мерекесімен, алда келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі мерейлі сәтті аймағымыз – жарқын жетістіктермен, ерекше көңіл-күймен қарсы алуда.
Қазақ тарихында алтын әріптермен жазылған айтулы мерекеге шақыртуымызды қабыл алып келген құрметті қонақтарымызға Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымды білдіремін!
Қадірлі қауым!
Бір ғасыр бұрын Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болған Қызылорда да мемлекеттілігіміздің негізі қаланды.
Сол кезеңде қаламыз еліміздің саяси, мәдени-рухани орталығына айналды. Ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы осында қаланды.
Шежірелі шаһарымыздың елдік асыл мұраты, жасампаз жолы қалыптасты.
Ұлтымызға «қазақ» атауын қайтарып, азат ел болуды аңсаған асқақ армандар орындалды.
Тілегі мен мақсаты ортақ Алаш арыстары ұлт мүддесі үшін тәуелсіз ел болуға бірікті.
«Отан – елдің анасы, Ел – ердің анасы! Сыр – Алаштың анасы!».
Жүз жылда бірнеше кезеңдерді басынан өткерген Қызылорда, бүгінгі күні Президентіміздің ерекше қолдауымен сәулетті де, әсем қалаға айналуда.
Сыр өңірі жасарып-жаңарып, өсіп-өркендеуде.
Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті.
Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, бағытталды.
Сырдың бас қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналып, жасампаздыққа бастар толайым табыстарға қол жеткізуде.
Заманауи өндіріс орындары ашылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруде.
Халыққа қажетті 200-ге жуық әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындардың мүддесіне қызмет етуде.
Бұл барша жерлестеріміздің жұмыла көтерген жүгінің ортақ жемісі.
Қадірлі қонақтар!
Құрметті жерлестер!
Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуы – халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, ұлт рухын асқақтататын маңызды мереке.
Бүгінгі мерейлі мереке Өздеріңізге арналады, қадірлі жерлестер!
Ежелден-ақ Тұран төрінің тұмары болған қасиетті жеріміздің, ғаламат ғасырдың куәсі болған сүйікті қаламыздың келбеті күн сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып, абыройы асқақтай берсін!
Тарихи кезеңде болашақтың негізі қаланған мекен – ару Қызылорданың келешегі кемел болсын!
Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері. Баршамызды бақыт құшағына алған Қызылорда – біздің мақтанышымыз.
Мерейлі мерекеде Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігі тұғырлы болғай!
Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!
Рақмет!