«Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы

Қадірлі қонақтар!
Құрметті Берік Уәлиұлы!
Құрметті ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері!

Баршаңызды «Алтын күз», қала күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!
Сыр елінің қамбасын молайтып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен аймағымыздың диқаншылар қауымы бүгін ерен еңбектің төріне шығуда.
Салтанатты шарамыз халқымыздың тарихи «қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келуде.
Мерейлі мереке Сыр өңірінде жоғары деңгейде аталып өтуде.
Атаулы жыл аясында жаңадан әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындары ел игілігіне табысталып, түрлі мәдени көпшілік шаралар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылуда.
Бүгінгі еңбек мерекесіне Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы бастаған қадірлі қонақтарымыз,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысуда.

Қадірлі қонақтар, қасиетті Сыр өңіріне қош келдіңіздер!
Қадірлі қонақтар!

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Президентіміз халқымыздың «қазақ» атауы қайтарылып, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Бұл – біз үшін зор мәртебе. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз.
Жүз жыл толған мерейлі жылда аймағымыздың мәртебесін биіктеткен Мемлекет басшымызға барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымызды білдіреміз!

Құрметті салтанатты шараға қатысушылар!

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына кеңінен сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсатымыздың бірі!
Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жахаев бастаған 102 Социалистік және тәуелсіздік жылдарындағы 7 Қазақстанның Еңбек Ерінің жетістіктері аңызға айналды.
Саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнап, туған жеріміз Сыр өңірі үшін аянбай еңбек еткен, ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда.
Облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін.
Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер!

Қадірлі қауым!

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде соңғы жылдары байыпты бастамалар қолға алынып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда.
Облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті.
Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
2021 жылы өңірімізге 308 млрд. теңге инвестиция тартылса, биылғы жылы 720 млрд. теңге тартылады.
Облыс экономикасының негізі саласы - агроөнеркәсіп кешені де қарқынды дамуда.
Соңғы 3 жыл ішінде мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 43 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Шаруашылықтар есебінен 41 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылуда. Соңғы 3 жылда 21 млрд. 800 млн. теңгеге 647 дана техника алынды.
Осы жылы 4 млрд. 700 млн. теңгеге 139 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, машина-трактор паркі жаңаланды.
Биыл сала бойынша 8 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі жыл сайын артып, осы жылы 234 млрд. 800 млн. теңгеге жетеді.
Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белеске шығып, барлық негізгі көрсеткіштерде оң серпін сақталуда.
Өздеріңізге белгілі, өңірдің экономикалық, экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей байланысты.
Соңғы жылдары орын алған су тапшылығы әсерін Сыр диқандары да сезінуде.
Биылғы күрделі вегетациялық кезеңде қабылданған нақты шаралардың арқасында егілген егіс сумен толық қамтамасыз етілді.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес аймағымызға Премьер-Министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты.

Бірнеше мәрте Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлері жұмыс сапарларымен келіп, су нысандарының жұмысын, суару кезектілігінің тиісті деңгейде ұйымдастырылуын күндіз-түні бақылауда ұстады.
Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан еліміздің барлық өңірлерінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам, 25 дана насос қондырғылары көмекке жеткізіліп, 2 ай бойы шаруалардың игілігі үшін үлкен жұмыстарды атқарды.
Президентіміздің тапсырмасымен Үкімет резервінен 53 насос қондырғыларын алуға 1 млрд. теңге бөлінді.
Дер кезінде қабылданған батыл шешімдердің нәтижесінде егіс алқаптары сумен қамтамасыз етіліп, егінді шығынсыз алып қалуға барынша жағдайлар жасалды.
Бүгінде, осы қолдаулардың арқасында ерте көктемнен қара күзге дейін күннің ыстық-суығына қарамай еңбек еткен Сыр диқандары межелі өнімге қол жеткізуде.
Жыл сайын «Алтын күз» мерекеcін тойлаудың игі дәстүрін жалғап, адал еңбегімен төрге шыққан озаттарды марапаттаудың алтын арқауын үзбей келеміз.
Еңбек адамдарын құрметпен марапат төріне шығару – біз үшін үлкен мәртебе.
Сыр диқандарымен биыл 189 мың 600 гектар егін егілді.
Биыл 80 мың 900 гектарға күріш дақылы егілді.
Бүгінде, әр гектардан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды (өткен жылы 496 мың тонна).
Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Су шығынын азайту мақсатында егістік жерлерде кеңінен жүргізіліп жатқан лазерлік тегістеу жұмыстары өз тиімділігін көрсетті.
Биылғы жылы диқандар күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, нәтижесімен суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырды.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес облыстың өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы 3 жылға 34 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Оның ішінде, келесі жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдауға 9 млрд. теңге қарастырылды.
Бұл Мемлекет басшымыздың Сыр дихандарын ерекше қолдауы.
Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 8 мың 100 гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты (2024 жылы – 4,4 мың га).
Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы жүгері, жоңышқа дақылдарын егу бойынша
3 ірі жоба жүзеге асуда.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, монодақыл күріштен басқа суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін арттыру – заман талабы.

Қадірлі қауым!
Құрметті қонақтар!

Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрімізге сай адал еңбегімен төрден орын алған даланың дара еңбеккерлерін, еңбек озаттарына марапаттап, құрметімізді көрсетеміз.
Қамбамыз әрдайым дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей.
Баршаңызды ырыс-несібеге толы молшылық мерекесімен тағы да құттықтаймын!
Отбастарыңызға амандық, береке-бірлік, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Рахмет!

Дата публикации
28 октября 2025