Қызылорда облысында индустрияландыру аясында құны 696,7 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 6,2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, бие сүтін өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты іске қосылады.
Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құны 3 млрд. теңге құс фабрикасы іске қосылды. Қуаттылығы – жылына 1500 тонна құрайтын фабрикада 160 адам жұмыспен қамтылмақ.
Ал «Айғасар» ЖШС- інде «Иппотерапия және бие сүтін өңдеу цехының құрылысы қолға алынып отыр. Жоба құны – 30 млн. теңге, жұмыс орны - 15 адам, қуаттылығы - 20 тоннаны құрайтын цех Қызылорда қаласында ашылмақшы.
Шиелі ауданында «LimeStone Processing» ЖШС «Әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруді ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба құны - 937 млн. теңге, жұмыс орны - 24 адам, қуаттылығы - 30 мың тонна.
Сонымен қатар, Индустрияландыру картасы аясында 2010-2022 жылдары аралығында іске қосылған жобалармен 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында 50,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28%-ға (8 ай 2022 ж – 39,2 млрд. теңге) артқан.
Былтырғы қазан айынан бері өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытында жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 8 айда 9,4 млн. шаршы метр шыны өндірілді. Зауыт өнімі еліміздің аймақтарына, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.
Ірі жобалардың бірі – «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинаты жүзеге асырылуда. Құны 323,6 млрд. теңге болатын жоба бойынша Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде. Тендерлік процесс аяқталған соң комбинаттың құрылыс жұмыстары басталады.