Зерттеудің тақырыбы: Облыстағы этносаралық қатынастарды зерделеу
Зерттеудің өзектілігі: Ағымдағы жыл басынан бері елдегі болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік органдардың қызметіне сыни көзқарастағы және билік өкілдерінің жұмысына теріс пікірдегі бірқатар азаматтар әлеуметтік желілердегі парақшаларда ауызбіршілігі мол халықтың арасына іріткі салу мақсатында мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне қисынсыз сауалдар қойып, биліктің абыройын төмендетуге бағытталған бейнелердің таралуы жиілеп кетті. Әрине, аталғандай көріністердің барлығы халықтың билік органдарына деген сенімін жоғалтуға өз септігін тигізуі мүмкін.
Осыған орай, облыс тұрғындары арасында, оның ішінде өзге этнос өкілдері арасында туындап жатқан мәселелерге мониториг жасап, олармен сұхбаттасу және сауалнамалар алу арқылы, өзекті мәселелер тізбесін анықтап, құзыретті мекемелерге хабарлау үшін тоқсан сайынғы әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіп, оның нәтижесін облыс басшылығына жеткізіп келеміз.
Зерттеудің мақсаты: Аймақ тұрғындарының түрлі этнос өкілдеріне көзқарастарын білу және облысты мекен еткен өзге этностардың мемлекеттік саясатқа баға беруі, сондай-ақ олардың наразылық әлеуетін анықтау.
Зерттеудің нысаны: 18 жастан асқан облыс тұрғындары.
Зерттеудің пәні: Облыс тұрғындарының этносаралық ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа баға беруі, түрлі этнос өкілдерінің билік органдарына сенім деңгейі және өзге этностардың әлеуметтік көңіл-күйі.
Зерттеудің міндеттері:
тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін мәселелерді анықтау;
этностық белгісі бойынша дискриминация көріністерін айқындау;
дискриминация орын алатын салаларды анықтау;
өңірлер тұрғындары арасында толеранттылық немесе интолеранттылық деңгейін анықтау;
мемлекетіміздегі этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдау деңгейін білу;
жергілікті жерлерде этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар қызметінің тиімділігін бағалау;
көші-қон қатынастарын анықтау және респонденттердің көші-қон көңіл-күйлерінің себептерін айқындау.