
Қызылорда облысы тиімді географиялық орналасуымен ерекшеленеді.
Бүкіл облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің үштен бірі, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы ең жылдам және тиімді жолды қамтамасыз ететін магистральдық теміржол желілері өтеді.
Облыстың негізгі ауыл шаруашылығының дақылы – күріш болып табылады. Күріштің жалпы егіс алқабы жыл сайын 80 мың гектардан асады, осылайша Қазақстандағы барлық күріштің 90% астамын өндіруді қамтамасыз етеді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 24 млн. АҚШ доллар сомасына 410 мың тоннадан астам тұз және 20 млн. АҚШ доллардан астам сомаға 50 мың тонна күріш экспортталды.
Анықтама: дәнді дақылдар - 93,7 мың га, майлы дақылдар - 5 мың га, жемшөп дақылдары - 71 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары - 17,3 мың га.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы және теңіз балық шаруашылығы басым салалар болып табылады. Өңірде Кіші Арал теңізі және балық шаруашылығы маңызы бар 200 астам көл бар.
Бүгінгі күні облыс аумағында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс жасайды.
Облыс орталығында түркиялық «Aksa Energy» компаниясының қатысуымен шамамен 500 млн. АҚШ долларын құрайтын қуаттылығы 240 мВт заманауи ЖЭО құрылысы жүргізілуде.
Қатарлық инвесторлармен бірлесіп 2029 жылға дейін құны 1,8 млрд. АҚШ доллардан асатын қуаттылығы 1 100 МВт құрайтын бу-газ қондырғысын салу туралы келісімге қол жеткізілді.
Өңірдің басты артықшылықтарының бірі – табиғи-ресурстардың мол қоры.
Облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін жер элементтерінің қорлары бар – елдің ванадий қорының 66%, мырыштың 16%, қорғасынның 11% және уранның 15% Қызылорда облысында орналасқан.
Инвестициялар тарту және халықаралық инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастар құру Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қызметінің тұрақты басымдықтарының бірі болып табылады. Инвестициялық жобаларға фискалдық (субсидиялар, салықтық жеңілдіктер және т.б.) және фискалдық емес (жер учаскесі, Инфрақұрылым) ынталандыруларды қамтитын кешенді қолдау көрсетіледі.