Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы

Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы

Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Жаңақорған кенті әкімінің 2023 жылғы 18 сәуірдегі №07-09/385, Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №01-01/73 және Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2023 жылғы 27 ақпандағы №02-7/111 шығыс нөмірлі қатынас хаттарына сәйкес Жаңақорған ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Осы қаулының қосымшасында көрсетілген тұлғалардан жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын.

2. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2023 жылдың 31 шілде айы болып белгіленсін.

3. «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне осы қаулы қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушы органның интернет-ресурстарын қоса алғанда, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау жұмыстары жүктелсін.

4. Меншік иелері жүгінетін орын Жаңақорған кенті, М.Көкенов көшесі №44 мекенжайда орналасқан «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып белгіленсін.

5. Осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдау Жаңақорған кенті әкімінің аппаратына, Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, Жаңақорған ауданының экономика және қаржы, Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс және Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне жүктелсін.

6. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің тиісті сала орынбасарына жүктелсін.

7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Аудан әкімі                                                                  М. Тлеумбетов

Дата публикации
24 апреля 2023