Жаңақорған ауданы көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үлгілік базалық бағытын іске асыру мақсатында 2023 жылға атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес 2023 жылғы 19-қаңтардағы №7 өкіммен Жаңақорған ауданы әкімдігінде үлгілік базалық бағыттың жоба жетекшісі болып аппарат басшысы Ахметов Бақтияр Мадиярұлы тағайындалды.
Жоба жетекшісімен 2023 жылғы 14-наурыздағы №13 бұйрықпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үлгілік базалық бағыты бойынша жобалар тобының менеджерлері мен 2023 жылға арналған жобалар картасы бекітілді.
Ағымдағы жылдың ақпан-мамыр айларында аудандық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен квазимемлекеттік секторлардың қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізу кестесі бекітілді. Кестеге сәйкес ақпан айында аудан әкімі аппараты мен аудандық экономика және қаржы бөлімінің ішкі талдау жұмыстары аяқталып, 16 тәуекел анықталды. Тәуекелдердің барлығы мекеменің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді зерделеу барысында анықталып отыр. 16 тәуекелдерді жою мақсатында нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу үшін 15 ұсыным әзірленіп, жою жоспары рәсімделді. Ішкі талдау нәтижелері әкімдіктің ресми сайтына орналастырылып, облыс әкімі аппаратына мәлімет ретінде ұсынылды.
Наурыз айындағы ішкі талдау жұмыстары аудандық жұмыспен қамту - әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен жүргізілуде.
Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының басшысы Ш. Баймановпен бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық қоғамдық даму бөліміне қаңтар-наурыз айларындағы атқарылған жұмыстар мерзімінде жолданды.
Нақтырақ айтсақ іс-шара жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген 3 бейнероликтер орталық алаңдағы ЛЕД экрандарда, халыққа қызмет көрсету орталығында, аудандық емханада және фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланды. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптарда 3 рет аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстары, 6 рет жастармен кездесу ұйымдастырылып, Әдеп жөніндегі уәкілмен мемлекеттік қызметкерлерге 8 рет құқықтық оқыту өткізілді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 3 мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс тақырыбында 40 сағаттық оқыту семинарына қатысып, біліктілігін арттырды. Мұндай оқыту семинарына сәуір - қыркүйек айларында 18 мемлекеттік қызметкер біліктілігін арттыру үшін жіберілетін болады.