
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Бүгінде қалада бірнеше медициналық мекеменің жаңа ғимараты салынып жатыр. Соның бірі – онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана. Ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар медициналық кешенқұрылысына республикалық бюджеттен, жұмысты аяқтау үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 48 мың шаршы метрге жуық. Он блоктан тұрады:қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдерімен қатар, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады.
Қазір іші әрленіп, инженерлік желілері тартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Құрылыстың 85 пайызы біткен.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысын да көріп шықты. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысанды салуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желілер тарту жұмыстары қарқын алған. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтар жеткізіліп орнатылады да, жыл соңындапайдалануға беріледі.
200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыс алаңы қоршалып, жер қазу, іргетас құю және арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 52,8 млрд теңге бөлінген, үш қабатты, 39,1 мың шаршы метр ғимарат 10 блоктан тұрады. Зертханалық және тамақтану бөлімдері де қарастырылған. Нысанды 2028 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінде «Қызылорда Арена» спорт кешенінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Кешен 2 552 көрерменге арналған, 3-4 қабатты блоктардан тұрады. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ 300 орындық конференц-зал бар. Осы кезде ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған. Құрылысқа 12,9 млрд теңге қарастырылған. Ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Жаяу жүргіншілерге де, велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалады.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Төрәлиев кезектілік тәртібімен аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында азаматтардың мәселелері мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелер жауапты сала басшыларымен бірге қаралды. Әрбір өтініш заң шеңберінде зерделеніп, мәселелерді шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын және олардың орындалу барысы жеке бақылауында болатынын айтты.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш білдіру арқылы жазыла алады.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Төрәлиев Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекенінде 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысын қарап, салынған тұрғын үйлердің сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жабдықталуы қажеттігін ескертті.
Мердігер мекеме мен жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу, белгіленген мерзімнен кешіктірмеу және нысандарды уақытылы пайдалануға беру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, Дәуімбай елді мекеніндегі 16 пәтерлі тұрғын үй апатты деп танылған баспаналардың мәселесін шешу мақсатында бой көтеруде.
Бүгін орталық стадионда ауыл спортшылары арасындағы «Алтын күз – 2026» ХХХІХ облыстық спартакиадасы аясында футболдан жарыс өтті.
Спорттық додаға аудан әкімі Ерлан Төрәлиев арнайы қатысып, командалар арасындағы тартысты ойынды тамашалады
Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай мерекелік салтанатты жиын өтті. Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов аудан әкімінің атынан ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Ұстаз – жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беретін ардақты маман. Сіздердің еңбектеріңіз елдің ертеңі үшін маңызды. Ұстаз еңбегін бағалау, мәртебесін көтеру – басты міндеттердің бірі. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, шәкірттеріңізге биік жетістіктер тілеймін. Әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер!», – деді Ғани Сүлейменов.
Салтанатты жиында бір топ ардагер ұстаздар мен білім саласының үздік мамандары «Жалағаш ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен және құттықтауымен марапатталды.
Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары ұстаздарға арнап ән шырқап, өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама мерекелік жиынның мазмұнын толықтырып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Төрәлиевтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте егін жинау науқанының барысы қаралды.
Аудан әкімі егін жинау жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, сала басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
«Егінді ысырапсыз, уақытында толық жинап алуымыз керек. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Науқанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет», – деді Е.Төрәлиев.
Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдарында жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы, еңбекақы бойынша берешекке жол бермеу бойынша шаруашылық иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Жалағаш ауданы бойынша 2026 жылы 41 864 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 16 618 гектарға күріш егілді.
Биыл ауыспалы егіс ротациясы тәртібін бұзған шаруашылық құрылымдары анықталған жоқ. Су жеткізу қызметін алу бойынша «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 166 шаруашылық жалпы құны 1 млрд 153,7 млн теңгеге келісімшарт жасасты.
Аудан шаруашылықтары тарапынан биыл 1 млрд 154,9 млн теңгеге 4 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Қазіргі таңда аудан бойынша егін жинау жұмыстарына 1005 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Оның ішінде 131 комбайн, 502 трактор, 124 жатка, 73 жүк көлігі және 175 трактор тіркемесі бар.
Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді.
Жалағаш кентінде жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Биыл «Наурыз» ықшам ауданындағы С.Ахметов, И.Әбдікәрімов көшелерімен қатар, Өмірбай шешен, Б.Сопбеков, Н.Әлмағанбетов, А.Бисенов, Тоғанас батыр және О.Сарманов көшелеріне жол жөндеу жұмыстарын жүрзізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда «Наурыз» ықшам ауданындағы көшелер мен Өмірбай шешен көшесінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін Руханият орталығында аудан әкімі Ерлан Төрәлиев ауданның зиялы қауым өкілдерімен және еңбек ардагерлерімен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі Жалағашқа басшылық ету үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін айтып, алғашқы күндерден бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеп, халықтың талап-тілегі мен өзекті мәселелерін анықтауға басымдық беріп келе жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – сіздердің пікірлеріңізді тыңдап, ауданның өзекті мәселелерін бірге талқылау. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз алдағы жұмыстардың дұрыс бағыт-бағдарын айқындауға үлкен септігін тигізеді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің тапсырмасымен ауданда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да құрылыс, жол, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жүргізіп, тұрғындарға қажетті жобаларға басымдық береміз. Айтылған әрбір ұсыныс пен көтерілген мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылады», – деді аудан әкімі Е.Төрәлиев.
Дөңгелек үстелде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Садық Әлиев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев, білім саласының ардагері Ұлданай Тоқпенбетова, Бұқарбай батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қожатай Құлмахан және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, ардагерлер аудан әкіміне жаңа қызметінде сәттілік тілеп, ауданның дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Бүгін Жалағаш кенті мен ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Сенбілік барысындағы жұмыстарды аудан әкімі Ерлан Төралиев аралап көріп, жиналған қоқыстарды уақытылы шығаруды, тазалық жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, елді мекендердің санитарлық тазалығына тұрақты бақылау жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
«Тазалық жұмыстары бір күндік науқан емес. Сондықтан алдағы уақытта да барша аудан тұрғындары мен жастарды қоршаған ортаны таза ұстауға және тазалық шараларына тұрақты түрде белсенді қатысуға шақырамын. Жиналған қоқыстар уақытылы шығарылуы тиіс. Мекемелердің қасбеттері сырланып, қоғамдық орындар, көшелер мен жол жиектері таза болуы тиіс», – деді аудан әкімі Е.Төралиев.
Тазалық сақтау әрбір тұрғынның күнделікті мәдениетіне айналуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен Жалағаш ауданында өткен актив отырысында ауданның жаңа басшысы таныстырылды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Төралиев Ерлан Кәрімбекұлы тағайындалды.
Аймақ басшысы ауданның бұрынғы әкімі Ардақ Ибраимовқа алғыс білдіріп, жаңа әкімнің қызметіне сәттілік тіледі, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.
«Ең алдымен инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы маңызды жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда нақты жұмыстар жүргізу қажет.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үздік аудандардың бірі ретінде танылған
Жалағаштың ерекше аграрлық потенциалы тиімді пайдаланылуы тиіс.
Соңғы жылдардағы су тапшылығын ескере отырып, егісті әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақылдар егу және шаруашылықтарға озық технологияларды енгізу маңызды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі шаруашылықтар тек егін ғана емес, мал шаруашылығын да дамытып, жыл бойы жұмыс жасайтын жобаларды жүзеге асыруы керек», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында ел ағалары Имамзада Шағыртаев, Садық Әлиев, Әмірбек Шаймағанбетов, Қабылбек Нұрмағанбетов ізгі тілек білдірді.
Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс», «Экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған.
2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды.
2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мемсараптама» РМК бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.