
Автомобиль жолдары саласы бойынша
Үстіміздегі жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Республикалық бюджеттен бөлінген 239,5 млн. теңгеге Таң ауылының 6 көшесіне (Орынбай жырау, Манақ баба, Қарасу, Мүсәрілі баба, Таң ауылына кіре-беріс көшесінің оң жағында орналасқан Бозарық каналынан бастау алатын көшесі, Таң ауылына кіре-беріс көшесінің сол жағында орналасқан Бозарық каналынан бастау алатын көшесі ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа қосымша Таң ауылының 8 көшесін (Мықтыбаев, Уәлиханов, Сейфулин, Қоқыбай болыс, Жамбыл, Құнанбаев, Құлманов, Сегізбай би) орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 231,6 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Еңбек және Есет батыр ауылдары аралығындағы Оңтүстік коллектор (ЮК-16) көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп (жобалаушы мекеме «СанжарПроектСервис» ЖШС), мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны 149,5 млн теңгені құрайды. Биылғы жылға 59,7 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Аудандық маңызы бар Мәдениет елді мекені бағытындағы автомобиль жолының 0-9,4 аралығын, Жаңадария елді мекені бағытындағы автомобиль жолының 8 – 20,3 аралығындағы 12,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары биылғы жылы жалғасын тауып, аяқталатын болады. Жоба құны тиісінше 308,2 млн теңгені және 306,0 млн теңгені құрады.
Жалағаш кентіндегі темір жол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба құны 184,8 млн. теңге.
Жобаны қаржыландыру үшін 2021 жылға бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға тапсырылды.
Аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр елді мекеніне кіре-беріс 6,3 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өткізілді. Жоба құны 196,5 млн теңгені құрайды.
Ақсу елді мекеніне кіре-беріс 2,3 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өткізілді. Жоба құны 76,7 млн теңгені құрайды.
Жаңадария бағытындағы 20,3-37,4 аралығындағы 17,1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өткізілді. Жоба құны 392,1 млн теңгені құрайды.
Аудандық маңызы бар Аққыр бағытындағы автомобиль жолының 32-52,6 шақырым аралығындағы 20,6 шақырымын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді. 2021-2022 жылдарда қаржыландыруға ұсынылды.
2021-2021 жылғы жылу маусымына дайындық барысы
Жалағаш ауданы әкімінің 11.05.2021 жылғы №163 өкімімен 2021-2022 жылдардағы жылу маусымына дайындық пен оны өткізуді үйлестіру жөніндегі аудандық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.
2021 жылғы 7 маусымда өткізілген штаб отырысында аудандық білім бөліміне қарасты нысандардың жылу маусымына дайындығы қаралды.
Осы нысандардың жылу жүйелеріне комиссиялық түрде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен, мектептер бойынша дайындық жұмыстарына қажетті қаржы 18394,0 мың теңгені, балабақшалар бойынша – 4954,0 мың теңгені (барлығы 23348,0 мың теңге) құрайтыны анықталды.
Қажетті 23348,0 мың теңгені облыстық бюджеттен бөлу жөнінде Қызылорда облысының білім басқармасына хат жолданды.
Аудан тұрғындарына 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына 17000 тонна қатты отын жеткізу жоспарланып отыр. Қатты отын бағасын тұрақтандыру мақсатында көмірді өндірушілерден тікелей жергілікті жеке кәсіпкерлерлерге биржа арқылы сату бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Осыған байланысты, аудандағы көмірді жеткізіп берушілердің тізімі облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына ұсынылды.
Кондоминиум нысанын басқарудың жаңа жүйесіне көшу бойынша
Жалағаш ауданы бойынша 27 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Оның ішінде 15 көппәтерлі тұрғын үйлерге техникалық құжаттары әзірленіп, кондоминиум нысандары ретінде тіркелген. Тұрғын үйлердегі пәтерлер саны 18-ден аспайды.
Пәтер иелеріне кондоминиум нысанын басқарудың жаңа жүейсіне көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда М. Шаменов №76, М.Шаменов №78, Желтоқсан №2, Қазыбек №2 тұрғын үйлерге жәй серіктестік құрылуда.
Сонымен қатар, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін есептетуге аудандық бюджетке 650,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды.
Елді мекендердегі электр желілерін дамыту
Жалағаш ауданы бойынша, бірінші кезекте, Аққыр, Аққұм, Жаңадария, Мәдениет, Жаңаталап, Бұқарбай батыр елді мекендерінің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделген болатын. Бұл жұмыстарды атқаруға қажетті қаржы көлемі 590,3 млн теңгені құрады.
Ауылдық елді мекендердің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019 жылы - 300,0 млн теңге, 2020 жылы – 72,6 млн теңге, 2021 жылы – 50 млн теңге (барлығы 422,6 млн теңге) бөлінді.
Бөлінген қаржыға сәйкес:
2019 жылы - Аққыр және Жаңадария елді мекендерінің электр жүйесі қайта жаңғыртудан өтті.
2020 жылы - Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап елді мекендерінің электр жүйесі қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Бүгінгі күнге Бұқарбай батыр елді мекенінің электр жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.