
Жалағаш ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалағаш ауданындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 14 пен 35 жас аралығында 10 816 (30,1%) жас тіркелген, оның ішінде 5885 - ер азаматтар, 4931 - әйел.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылы құрылған. Штат саны – 7 (директор – 1, кеңесші – 6). Қазіргі таңда мекеме «Руханият орталығы» ғимаратында орналасқан.
Жалағаш ауданындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 27 787,0 (2025 жылы 24 135,0) млн теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 4,0 млн теңге жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға қарастырылған.
2026 жылдың 9 айында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 142 іс-шара өткізіліп, 4300-нан астам жас қамтылды.
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Жалағаш ауданында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және патриоттық, мәдени, экологиялық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған апталық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Апталық аясында ардагерлерге көмек көрсету мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы, жастардың мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған «Бір фильм – бір ой» кинокөрсетілімі, білім мен зияткерлік қабілетті дамытуға арналған интеллектуалды сайыс, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және жастар арасында Counter-Strike 2 киберспорттық турнирі өткізілді. Сонымен қатар, аудан әкімі белсенді жастармен еркін форматта кездесіп, жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында белсенді жастар марапатталды.
Апталық іс-шаралар қорытындысында аудан орталығында мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, жастардың шығармашылық әлеуеті мен белсенділігін қолдауға бағытталған мәдени бағдарлама ұсынылды.
NEET санатындағы жастар бойынша:
Жалағаш ауданында NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылғы 14 ақпанда NEET санатындағы жастар саны 59 адамды құраса, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 36 адамды құрады. Нәтижесінде NEET санатындағы жастар саны 23 адамға, яғни 39 %-ға азайған.
Аталған жастардың деректері «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы өзектендіріліп, тұрғылықты мекенжайлары бойынша зерделеу және адрестік жұмыстар жүргізілуде. Жастардың нақты әлеуметтік жағдайы анықталып, олардың жұмыспен қамтылуы, білім алуы, кәсіптік оқытуға қатысуы және өзін-өзі жұмыспен қамтуы бойынша мәліметтер нақтылануда.
Қазіргі таңда NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқытуға және мемлекеттік қолдау шараларына тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жастарды жұмыспен қамту бойынша:
Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2026 жылдың 1 қазанына Мансап орталығына 2161 адам хабарласса, оның 796-і немесе 36,8 пайызы жастар. Субсидияланған жұмыс орындарына және тұрақты жұмыс орнына 1258 адам жолданған болса, оның ішінде 428-і немесе 34 пайызы жастар. Атап айтқанда:
- жастар практикасы - 104;
- қоғамдық жұмыс – 378 адам, оның ішінде 42 жас;
- тұрақты жұмыс орнына – 772 адам, оның ішінде 280 жас;
- әлеуметтік жұмыс орнына- 4 адам, оның ішінде 2 жас;
- «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға-153 адам, оның ішінде 53 жас;
Мемлекеттік атаулы көмек 14-35 жас аралығында 56 отбасыға тағайындалған
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бойынша:
Жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыру бағытында ағаш көшеттерін отырғызу акциялары ұйымдастырылды.
Ауданда қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза өлке – Жалағаш» атты кең ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, аудан жастарының қатысуымен көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы «Тал егу» акциялары тұрақты түрде өткізіліп, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
«Жасыл ел» еңбек жасағы бойынша:
2026 жылы Жалағаш ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы маусым айында бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асырушы ұйым – «QADAM Қармақшы» қоғамдық бірлестігі. Биыл еңбек жасағына 110 жас жұмысқа тартылды. Бағдарлама аясында тұрмысы төмен және әлеуметтік осал санаттағы жастарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп, олардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға және жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетілуде. Құқықтық мәдениетті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң мен тәртіп қағидатын насихаттау бойынша ақпараттық акциялар, кездесулер, рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізілуде.
Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша:
2026 жылы ауданда 135 спорттық материалдық техникалық база тіркелген. Оның ішінде 1 стадион (1500 орындық), 83 жазық алаң олар: 1 спорттық ядро, 76 спорттық алаңдар, 6 футбол алаңдары кіреді. жабық бассейн-1, спорт кешені-2, ипподром-1,спорт залдар-31, жапсарлас спорт бөлмелер -16 тіркелген.
8 айында республикалық-1, облыстық 5, спорт түрлері бойынша аудандық 42 жарыс өткізіліп, оған барлығы 4711 спортшы қамтылды.
«Наркескен» спорт клубында спорттың 10 түрінен, 12 жаттықтырушы жұмыс жасауда. Қамтылған бала саны 820. Барлық ауыл округтерге қарасты 15 спорт нұсқаушы және кент орталығында 8 нұсқаушы аудан тұрғындарының тұрақты спортпен шұғылдануына жұмыс жасайды.
2026 жылғы ақпан айынан бастап, спорт кешенінен «Балалар дене шынықтыру даярлығы клубы» ашылып, спорттың бес түрі бойынша (баскетбол, волейбол, футбол, гандбол, қазақ күресі) және мүмкіндігі шектеулілер арасында үйірмелер өз жұмысын жасауда.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар:
Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында “Kyzylorda HUB” жобасы шеңберінде AI SKILLS курсы өткізілді. Жоба жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған маңызды бастама болды.
Мұнан бөлек, «Зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбында суицидтің алдын алуға бағытталған психологиялық тренинг ұйымдастырылып, аудандық жастар ресурстық орталығы, орталық медбикесі және мектеп оқушылары мен колледж студенттері қамтылды.
Жастардың әлеуетін ашуға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Сұхбат-time» сұхбат айдары. Осы ретте, өз саласында үздік атанған жастардың еңбегін насихаттау мақсатында бейнеролик түсіріліп, сұхбат өткізілуде.
Сонымен қатар, «КәсіпLife» жобасы аясында жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау және кәсіп бастауға ынталандыру мақсатында бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бейнематериалда кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктер мен табысты тәжірибелер таныстырылып, жастарға пайдалы ақпараттар ұсынылуда.
Аудан жастары арасында «Өлең және журналистика: сөздің күші» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жастардың шығармашылық және кәсіби қызығушылықтарын қолдау, журналистика саласы туралы ақпарат беру және поэзияға деген қызығушылықтарын арттыру. Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақта аталған салада еңбек етуге ниетті жастарға бағыт-бағдар берілді.
Жоғары сынып оқушылары арасында дебат ойыны тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ойын соңында қатысушылар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Руханият орталығында жоғары сынып оқушылары арасында «Жаңа Конституцияны білесің бе?» атты интеллектуалды сайыс өткізілді. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтары туралы білімдерін кеңейтуге, сондай-ақ құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Әскери рух пен патриоттық тәрбиені арттыру мақсатында «Айбын -2026» әскери сайысы ұйымдастырылды. Мақсаты жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, әскери қызметтің беделі мен маңызын дәріптеу, олардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап өтетін жайт, мұндай іс-шаралар жастар арасында өзара қарым-қатынасты нығайтып, интеллектуалды серпіліс беріп қана қоймай, жастардың уақытын тиімді ұйымдастырып, қазіргі қоғам дерті лудоманияның алдын алуда да қосар үлесі зор.
Ауданда мемлекеттік жастар саясаты жастарды қолдау, жұмыспен қамту, патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениет, волонтерлік, экология және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағыттарын қамти отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.